Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы басталды. Отырысты Жоғарғы соттың ресми YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алдыңғы сот отырысында куәгерлерден жауап алу рәсімі аяқталып, сот төрағасы Ержан Жанұзақов басты айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алды. Айыпталушы өзіне тағылған айыппен тағы да келіспейтінін мәлімдеді.
Сот процесі барысында айыпталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыру туралы өтініш білдірді, судья бұл талапты қанағаттандырмады.
Отырыста дүкен камераларына жазылған оқиғаның толық видеобейнесі көрсетілді. Бұған дейінгі алғашқы отырыстарда прокурор істің толық хронологиясын баяндап берген еді.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2023 жылдың 4 қазанында орын алған. Салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан.
Осы оқиғадан кейін Шерзаттың отбасына қатысты бірнеше күмәнді жағдайлар тіркелді. 2024 жылдың 12 қазанында олардың үйі өртеніп, "бөтеннің мүлкін қасақана жою" бабы бойынша іс қозғалды. Ал желтоқсан айында Талғар маңынан Шерзаттың ағасы Нұрғанаттың мәйіті табылған еді.
Сот процесі әлі де жалғасуда.