БҚО ауылдарының 92 пайызы интернетпен қамтылған

683
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TKwLolQ0mAPL34daB392UDFi6z8V8GNh6y4ttbWW.jpg

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында телекоммуникация саласын дамыту мәселелері талқыланды. Жиынға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев селекторлық байланыс арқылы қатысты.

Қазіргі уақытта облыстағы 405 ауылдық елді мекеннің 373-і интернет желісіне қосылған. Бұл өңірдегі ауылдардың 92 пайызын құрайды. Биыл 17 ауылда интернет байланысының сапасы жақсартылып, 7 елді мекенде жаңа базалық станциялар орнатылды. Сонымен қатар тұрғындар саны 50-ден аспайтын 33 ауыл OneWeb спутниктік интернет желісіне қосылды.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде 2027 жылға дейін облыстың 220 ауылын жоғары жылдамдықты интернетпен қамту көзделген. Бүгінгі таңда 145 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жалғасуда.

Облыс әкімі ауылдардағы интернет сапасын арттыру мен цифрлық инфрақұрылымды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және халықты сапалы интернетпен қамтамасыз етуге ерекше мән беріп отыр. Цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін қала тұрғындарымен қатар шалғай ауылдардағы азаматтар да пайдалануы қажет. Осыған байланысты байланыс операторларымен бірлесіп, интернеттің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруымыз керек, – деді Нариман Төреғалиев.

Өңірде байланыс сапасы төмен 78 аумақтың 47-сіндегі мәселе шешімін тапты. Қалған 31 аумақта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал Орал қаласында 5G технологиясын қолдайтын 97 базалық станция іске қосылған.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын мобильді интернетпен қамту үшін 7 антенна-діңгек құрылғысын орнату жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта оның төртеуінің құрылысы басталды.

Бұдан бөлек, биыл «Орал – Астана», «Орал – Алматы» және «Орал – Маңғыстау» бағыттарында қатынайтын жолаушылар пойыздары спутниктік интернетпен қамтамасыз етілді.

Комментарии
Другие материалы