Фото: денсаулық сақтау министрлігі
Алматыда кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлері 98 жастағы науқастың жүрегіне күрделі операция жасап, өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды "Адырна" денсаулық сақтау министрлігіне сілтеп.
Операция 45 минутқа созылып, асқынусыз аяқталды.
Науқасқа аорталық стеноз диагнозы қойылған. Бұл – жүрек қақпақшасының тарылуы салдарынан қан айналымы бұзылып, жүрекке түсетін жүктеме артатын ауру. Уақытылы емделмеген жағдайда ауыр жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін.
Дәрігерлер науқастың жасын ескере отырып, аз инвазивті TAVI технологиясын қолданған. Бұл әдіс арқылы жүрек қақпақшасын кеуде қуысын ашпай-ақ, сан аймағындағы шағын тілік арқылы ауыстыруға болады. Операция кезінде жасанды қан айналымы аппараты да қолданылмайды.
Институт басқармасының төрағасы Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, бұған дейін де жасы 90-нан асқан науқастарға осындай оталар жасалған.
«Бүгінде біз жасы өте ұлғайған пациенттерге де көмек көрсете аламыз. Олардың өмірін ұзартуға және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік бар. Бес жыл бұрын осындай операцияны 94 жастағы пациентке, төрт жыл бұрын 96 жастағы пациентке сәтті жасадық. Енді 98 жастағы пациентке де көмектестік», – деді ол.
Операциядан кейін жаңа жүрек қақпақшасы қалыпты жұмыс істеп, қан ағымының көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған. Қазір науқас дәрігерлердің бақылауында.
Күрделі отаны Алексей Колесников, Алмат Қалжанов және Нұржан Теменов бастаған дәрігерлер тобы орындады.
Министрлік мәліметінше, отандық кардиология саласында заманауи технологияларды енгізу егде жастағы науқастарға да жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл емдеу аясын кеңейтіп, пациенттердің өмір сапасын жақсартуға жол ашады.
