"Қазатомөнеркәсіптің" тағы бір басшысы қызметінен кетті

241
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/reSZpUcipmh1UIrBRLvZsxolYo3yQWhv5100YH0N.webp

Фото: kazatomprom.kz

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы басшылық құрамындағы өзгеріс туралы хабарлады. Сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор Дархан Сағындықов өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды “Адырна”.

Мәліметке сәйкес, Сағындықов 2026 жылғы 26 қарашада қызметінен кеткен. Оның өтініші негізінде және корпоративтік рәсімдерге сәйкес "Қазатомөнеркәсіп" директорлар кеңесі оның компания басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты.

"Қазатомөнеркәсіп" өз жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатыр, ал міндеттер мен өкілеттіктерді бөлу жөніндегі ішкі рәсімдерге сәйкес аталған позицияның функционалдық міндеттемелері компания басшылығы арасында қайта бөлініп, атқарылатын болады", - деп хабарлады компания.

Дархан Сағындықов 1985 жылы дүниеге келген. Ол М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын, Қазақ спорт және туризм академиясын, сондай-ақ Ресей Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2010 жылы «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінде бастаған. Кейін «Самұрық-Қазына», «Самұрық-Энерго», «Кедентранссервис» және «Самұрық-Қазына Контракт» құрылымдарында түрлі басшылық қызметтер атқарған. Сатып алу саласында жұмыс істеп, бірқатар департаментті басқарған.

2022 жылдың шілдесінен 2023 жылдың қазанына дейін KMG International компаниялар тобында сатып алу жөніндегі директор болған. Ал 2023 жылдың қарашасында «Қазатомөнеркәсіп» әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындалды.

2024 жылғы наурыздан бастап ұлттық компанияның сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры қызметін атқарып келді.

Айта кетейік, соңғы күндері «Қазатомөнеркәсіпке» қатысты тағы бір оқиға қоғам назарын аударды. 2026 жылғы 23 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі компания басқармасының мүшесі Қуаныш Омарбековті және басқа да тұлғаларды ұстаған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Тергеу мәліметтері бойынша, ұсталғандар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған делінетін сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген.

Айта кетейік, «Қазатомөнеркәсіп» – Қазақстанның уран, сирек металдар және атом электр станцияларына арналған ядролық отын саласындағы ұлттық операторы. Қазақстан 2009 жылдан бері табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде көш бастап келеді.

Комментарии
Другие материалы