Президент жастарды оқуға баулу үшін мешіт емес, кітапхана салу керегін айтты

1203
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OXXSSwnyNr1G5ReJ6iACypaa181iTJbdhCQUHmw1.jpg

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде жастарды кітап оқуға тәрбиелеу үшін мешіттерден гөрі кітапханалар салуға басымдық беру қажет екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Мәскеуде өткен «Жасанды интеллект әлеміне саяхат» конференциясы аясында оқушылармен және студенттермен кездесуде осындай пікір білдірген, деп хабарлайды “Адырна”.

«Бір кездері бізде мешіт салу сәнге айналған еді. Ал мен кітапхана салу керек деп есептеймін», – деді Президент.

Оның айтуынша, жақын уақытта Астана мен Алматы қалаларында тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапханалар ашылады. Тоқаевтың негізгі мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

Мемлекет басшысы сыни ойлау қабілетін бірнеше батырманы басу арқылы қалыптастыру мүмкін емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай қабілетке тек жүйелі білім мен кітап оқу арқылы қол жеткізуге болады.

«Қазір маған жасанды интеллект дәуірінде Толстойдың "Соғыс және бейбітшілік" романын, Тургеневтің "Көктемгі тасқын" шығармасын немесе Чеховтың пьесаларын оқудың қажеті жоқ деген пікірлер айтылады. Бірақ мен бұған қарама-қарсы көзқарастамын. Кітап оқудың маңызын ешкім жойған жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ChatGPT-ге қатысты бір тәжірибені де мысалға келтірді. Оның сөзінше, жасанды интеллектіден «Соғыс және бейбітшілік» романының мазмұнын қысқаша баяндау сұралған. Нәтижесінде жүйе шығарманы 25 бетке қысқартып берген. Ал одан 600 беттік туындының қалған бөлігі маңызды емес пе деп сұрағанда, жасанды интеллект қалғанының қажеті жоқ деген жауап қайтарған.

Тоқаев мұндай құбылысты қауіпті жеңілдету деп бағалады.

Кездесу барысында Президент әлеуметтік желілердің жастарға әсері туралы да пікір білдірді. Әсіресе TikTok платформасына алаңдаушылық танытып, оны адам миына, соның ішінде жас буынның ойлау қабілетіне кері әсер ететін құрал деп атады.

«Қазір барлығы смартфон қолданады. Алайда көпшілік оны тек қоңырау шалу, хат алмасу, фильм көру және TikTok қарау үшін ғана пайдаланады. Ал TikTok – адам миын, әсіресе жастардың миын зақымдайтын қауіпті нәрсе», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев смартфонды табыс табудың құралы ретінде де пайдалануға болатынын айтты. Оның пікірінше, интернет қолжетімді болса, ауылдық жерде тұратын азаматтар да цифрлық мүмкіндіктерді меңгеріп, өз бетінше ақша таба алады. Бұл адамдардың мемлекеттік шешімдерге тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті 25-26 қараша күндері Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге жұмыс сапарымен барған. Сапар аясында Кремльде екі ел басшыларының келіссөздері, соның ішінде бейресми кездесу өтті.

Ал 26 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен бірге Сбербанк ұйымдастырған AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясына қатысты.

Комментарии
Другие материалы