Halyk ЖИ жетістігі үшін халықаралық марапатқа ие болды

303
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kJSSWxn1yKyFW1PZWOMg0D8s3JYdv5dtPFYG9S7I.jpg

Банк Global Retail Banking Innovation Awards 2026 сыйлығының Best AI Initiative, Best Payments Innovation және Best API / Open Banking Initiative номинациялары бойынша жеңімпаз атанды.

Global Retail Banking Innovation Awards 2026 байқауының қорытындысы 22 қазанда Сингапурде жарияланды. Halyk The Digital Banker басылымының үш бірдей марапатына ие болды: Best AI Initiative, Best Payments Innovation және Best API / Open Banking Initiative.

Үш жобаның да жұмысы жолға қойылған. FacePay және Halyk BaaS банк клиенттері мен серіктестеріне қолжетімді болса, жасанды интеллект агенттерін банктің әзірлеу командалары пайдаланады.

Биыл байқауға 45 елден 147 ұйымның 500-ге жуық өтінімі түскен. Halyk марапат иегерлерінің қатарында HSBC, Citibank, Bank of America, Revolut, Wells Fargo, Standard Chartered, Emirates NBD және Сингапурдың OCBC мен UOB банктері бар.

Best Payments Innovation: бет-әлпет арқылы төлем жасау

Алғашқы марапат бет-әлпетті тану арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін Halyk FacePay жобасына берілді.

Алматы метросы мен Астанадағы LRT желісінде жолаушылар карта, телефон немесе қолма-қол ақша қолданбай-ақ турникеттен өте алады. Камера адамның бет-әлпетін секундтың үлесінде танып, жолақысы тіркелген картадан автоматты түрде алынады.

Бұл қызметті пайдалану үшін Halyk қосымшасында бір рет тіркелу қажет. Банкінің кез келген картасын, соның ішінде дебеттік, кредиттік немесе әлеуметтік картаны байланыстыруға болады. Қажет болған жағдайда картаны қосымша арқылы кез келген уақытта өзгертуге мүмкіндік бар.

2025 жылы Алматы метросының жолаушылары FacePay арқылы 976 мың рет жолақы төлеген. Қазір банк FacePay жүйесін кафелер мен жанармай құю станцияларында енгізуді бастады. Ал 2026–2027 жылдарға қоғамдық көліктің басқа түрлерінде де қызметті іске қосу жоспарланған.

Best API / Open Banking Initiative: Halyk сервистері серіктес қосымшаларда

Екінші марапат Halyk BaaS платформасына берілді. Бұл платформа арқылы компаниялар банк қызметтерін өз қосымшаларына біріктіре алады. Осылайша клиентке Halyk қосымшасына ауысудың қажеті жоқ.

Мысалы:

* оқушылар мен зейнеткерлер ONAY! жеңілдетілген көлік картасын онлайн рәсімдей алады. Клиенттің келісімімен банк қажетті құжаттарды өзі жолдайды;
* Halyk QR-кодтары банк серіктестерінің көптеген қосымшаларында төлем жасауға мүмкіндік береді;
* серіктес сервистерге Halyk ID арқылы жаңа тіркеу мен пароль енгізбей-ақ кіруге болады.

Қазір платформада 43 сервис пен сегіз серіктес бар. Тағы сегіз компания жүйеге қосылу үстінде. Halyk BaaS арқылы 10,8 млрд теңгеден астам сомаға операция жасалған. Сервистерді 45 мың клиент пайдаланған.

Бизнес үшін платформа бір ғана интеграция арқылы төлем қабылдау, ақша аудару, карта шығару және клиенттерді сәйкестендіру қызметтерін ұсынады. Бұл компанияларға жеке банктік инфрақұрылым құру қажеттілігін жояды.

Сонымен қатар платформада жекелеген мемлекеттік сервистер де қолжетімді. Мысалы, самокат жалға беретін сервис пайдаланушының жүргізуші куәлігін тексере алады.

Платформа PCI DSS қауіпсіздік стандартына сәйкес келеді.

Best AI Initiative: әзірлеу процесіндегі жасанды интеллект агенттері

Үшінші марапат 2026 жылы іске қосылған жасанды интеллект агенттерінің ішкі платформасына берілді.

Бұл платформаны банк қосымшасынан көру мүмкін емес. Жасанды интеллект агенттері Halyk-тің цифрлық сервистерін әзірлейтін және тестілейтін командаларға көмектеседі.

Олар жаңа функцияларға қойылатын талаптарды әзірлейді, тест-кейстер мен өнімді іске қосар алдындағы тексеру тізімдерін дайындайды.

Платформа банкінің ішкі инфрақұрылымында орналастырылған. Сондықтан деректер банктің қорғалған жүйесінен тыс шықпайды.

Halyk мәліметінше, міндетке байланысты талдау және тестілеу өнімділігі 20–40%-ға артқан. Қосымшаның жаңартулары жылдамырақ шығып, қателер саны азайған.

«Қазір жасанды интеллект туралы бәрі айтып жүр. Алайда ол күнделікті қайталанатын процестерді өзіне алған кезде ғана нақты пайда әкеледі. Біздің ИИ-агенттер тест-кейстер жазып, талаптарды дайындайды. Ал әзірлеушілер бос уақытын қосымшадағы пайдаланушы тәжірибесін жақсартуға жұмсайды. FacePay мен Halyk BaaS жобалары да осы қағидаға негізделген: адамға қажетсіз қадамдар неғұрлым аз болса, сервис соғұрлым тиімді жұмыс істейді», — дейді Halyk басқарма төрағасының орынбасары Михаил Хасин.

Анықтама

Global Retail Banking Innovation Awards — The Digital Banker басылымы ұйымдастыратын жыл сайынғы марапат. 2026 жылы ол тоғызыншы рет табысталды.

Марапат бөлшек банкинг саласындағы цифрлық өнімдер, төлемдер және технологиялар бағытындағы үздік жобаларды анықтайды. Өтінімдерді Accenture, Bain & Company, Deloitte, Kearney, KPMG және Simon-Kucher компанияларының аға консультанттары кіретін қазылар алқасы бағалайды.

Halyk — Қазақстандағы активтерінің жалпы көлемі 22 трлн теңгеден асатын ең ірі банк. Банк цифрлық арналар мен ел бойынша 540-тан астам бөлімшеден тұратын филиалдық желі арқылы клиенттерге қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар Halyk Грузия мен Өзбекстанда да жұмыс істейді.

Halyk шетелдік капиталы жоқ коммерциялық банктер арасында ең жоғары кредиттік рейтингтерге ие. Оның рейтингі инвестициялық деңгейде: Moody’s — Baa1, Fitch — BBB-, S&P — BBB-.

Комментарии
Другие материалы