200 жылдық жаңғақтан жасалған. Трамп Мирзиёевтің сыйлығын көптің пайдалануына берді

134
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IqzD8AmNt6GXzfdwxw1AEPFrbZ1jXFX6Ue5PYUjb.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай сыйға тартылған дәстүрлі өзбек үлгісіндегі екі айван (жаппа) үшін алғыс білдірді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бұл сыйлықты жеке пайдалануға қалдырмай, айвандарды көпшілікке ұсынғым келді. Олар Тайдал-Бейсин су айдынының жағасында, Джефферсон мемориалы мен Вашингтон монументіне қарама-қарсы орналасқан», – деді Трамп.

Президенттің айтуынша, өзбек шеберлері Вашингтонда айвандар салу үшін бірнеше ай бойы отбасыларынан жырақта болған. Құрылыста 200 жылдық тау жаңғақ ағаштарының сүрегі пайдаланылған. Трамп шеберлердің күрделі ауа райы жағдайында еңбек еткенін атап өтіп, олардың өнеріне жоғары баға берді.

Сондай-ақ президент ашылу рәсімі өткен жердің үстінен Marine One тікұшағымен ұшып өткенін айтты. Іс-шараға Өзбекстанның АҚШ-тағы елшісі Фуркат Сидиков пен АҚШ ішкі істер министрі Даг Бергам қатысты. Трамп өзбек шеберлерімен бірлесіп жұмыс істегені үшін Өзбекстан елшілігі мен АҚШ ұлттық саябақтар қызметіне алғыс білдірді.

Трамп 250 көрнекті америкалықтың мүсіні орнатылатын Америкалық батырлар ұлттық бағы ашылғаннан кейін өзбек айвандары кездесулер мен фотосессияларға арналған танымал орынға айналады деп үміттенеді. Бақ Вашингтондағы Батыс Потомак саябағында, Тайдал-Бейсин су айдынының маңында орналасады деп жоспарланған.

Трамп Америкалық батырлар ұлттық бағын құру туралы алғаш рет 2020 жылдың шілдесінде, өзінің алғашқы президенттік мерзімі кезінде жариялаған еді. Ол жобаны көрнекті америкалықтардың мүсіндері қойылатын ашық аспан астындағы кеңістік ретінде сипаттаған.

2021 жылдың мамырында Трамптың орнына келген Джо Байден бақ пен жобаны жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы жарлықтардың күшін жойған. Трамп Ақ үйге қайта оралғаннан кейін жоба қайта қолға алынған.

Бастапқыда бақты АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына, яғни 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін ашу жоспарланған еді. Алайда кейін ашылу мерзімін қайта қарауға тура келді.

Комментарии
Другие материалы