Болат Назарбаевқа қатысы бар екі алкоголь зауыты сатылымға шығарылды

238
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/03LAccW0jeuB7ZOzSPm5gy1P817HcS8TRK5BQC8Y.jpg

Алматы облысында Болат Назарбаевқа қатысы болған екі алкоголь зауыты мемлекет меншігіне қайтарылып, аукционға қойылды. Кәсіпорындардың жалпы бастапқы құны 1,2 миллиард теңгеге жуықтайды. Бұл туралы Ulysmedia.kz жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы Талғар ауданының Панфилов ауылында орналасқан ликер-арақ зауытын 431,7 миллион теңгеге бағалаған. Кәсіпорын 10 желтоқсанда мемлекеттік мүлік порталында өтетін аукционда сатылмақ.

Үш гектар аумақта орналасқан зауыттың ғимараттары мен құрылыстарының жалпы ауданы 6,1 мың шаршы метрді құрайды. Оның құрамында шарап зауытының ғимараты, шарап жертөлесі, спирт сақтайтын қойма, күшті алкогольді сусындар өндіретін цех, зертхана, қазандық және екі ірі қойма бар.

Adata порталының мәліметінше, аталған мекенжайда тіркелген компания 2010-2016 жылдары Болат Назарбаевтың иелігінде болған. Кәсіпорын алғашында 1998 жылы «Вакх» ЖШС атауымен құрылған. 2010 жылы оның құрылтайшысы Болат Назарбаев болып, атауы «БН ликер-арақ зауыты» болып өзгертілген. 2016 жылы кәсіпорын Ғабит Тультаевтың иелігіне өткен. Кейін компания «Талғар ликер-арақ зауыты» деп қайта аталған.

Ал екінші зауыт Қарасай ауданының Шамалған ауылында орналасқан. Оның бастапқы бағасы – 739,9 миллион теңге. Кәсіпорын 8 желтоқсанда аукционға шығарылмақ. Бұл мекенжайда бұрын Болат Назарбаевқа тиесілі «БН Винзавод» және BN Alko компаниялары тіркелген.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы Шамалғандағы зауытты 2026 жылғы 26 тамыздағы келісім негізінде мемлекетке өтеусіз алған. Меншік құқығы 11 қыркүйекте тіркелген.

Басылым мәліметінше, Болат Назарбаевқа қатысы бар алкоголь өндірісімен айналысқан өзге компаниялар да болған. Олардың қатарында BN Alko, «БН Алкосервис» және кейін «Талғар Винзавод» аталған кәсіпорын бар. Аталған компаниялардың бірқатары 2016 жылдан кейін іс жүзінде жұмыс істемеген.

Болат Назарбаевпен байланысты активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары бұған дейін де жүргізілген. 2023 жылы сот Алматы ауыр машина жасау зауытының акцияларын мемлекетке қайтару туралы шешім шығарған. Ал 2025 жылы прокуратура осы кәсіпорынға тиесілі 37 гектар жер мен 94 нысанды мемлекетке қайтарған.

Айта кетейік, Болат Назарбаев 2024 жылы қайтыс болған.

Комментарии
Другие материалы