28 әріп пен апостроф. Өзбекстан жаңартылған әліпбиге көшеді

160
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OwDRHI2tt6NSIDE2YVvOETVEMIDGWf2OK4tA6qzH.webp

Өзбекстанда жаңартылған өзбек әліпбиіне көшу бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

21 қарашада елдің Әділет министрлігі өзбек әліпбиіне енгізілген өзгерістерді жүзеге асыру жөніндегі Үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығарған. Құжатты талқылау 6 желтоқсанға дейін жалғасады.

Бағдарламаға сәйкес, мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері, БАҚ, бизнес өкілдері мен цифрлық платформалар жаңартылған латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшеді.

21 қазанда президент Шавкат Мирзиёев өзбек әліпбиіндегі төрт әріпті өзгерту туралы заңға қол қойған болатын. Ендң O‘ o‘ орнына Ö ö, G‘ g‘ орнына Ğ ğ, Sh sh орнына Ş ş, ал Ch ch орнына Ç ç қолданылады.

Жаңартылған әліпби 28 әріп пен апострофтан тұрады. Заң 2027 жылғы 22 сәуірде күшіне енеді.

Құжаттарға қандай өзгерістер енгізіледі?

Заң күшіне енгеннен кейін жеке куәліктер, биометриялық шетелдік паспорттар, жүргізуші куәліктері, автокөліктердің техникалық паспорттары мен кадастрлық құжаттар жаңартылған әліпбимен рәсімделеді. Алайда ескі үлгідегі бланкілерді 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін пайдалануға рұқсат етіледі.

Бұған дейін берілген құжаттар заңды күшін сақтайды. Сондай-ақ мемлекеттік органдар азаматтардың аты-жөні мен әкесінің атының жазылуындағы айырмашылықтарға байланысты оларға қызмет көрсетуден, құжаттарын қабылдаудан немесе жеке басын анықтаудан бас тарта алмайды.

Ұлттық валютаны, бағалы қағаздарды, домендік атауларды, электрондық пошта мекенжайларын, логиндерді, банк шоттары мен келісімшарт нөмірлерін өзгерту талап етілмейді.

Оқулықтар мен мектеп емтихандары

Білім беру жүйесін жаңартылған әліпбиге көшіру 2027–2031 жылдарға жоспарланған. Алдымен өзгерістер бірінші сынып оқушыларына енгізіледі.

Жаңа әріптермен жазылған оқулықтарды 2027/2028 оқу жылынан бастап шығару көзделіп отыр. Қалған оқулықтар қайта басылған сайын жаңартылады.

Мұғалімдер үшін біліктілікті арттыру курстары, семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады. Ал 5–11-сынып оқушыларына емле ережелерін бағалау кезінде 2028 жылғы 1 тамызға дейін уақытша жеңілдіктер беріледі. Бұл талап қорытынды аттестаттау мен жоғары оқу орындарына түсу емтихандарына да қатысты болады.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері үшін арнайы әліппелер, плакаттар, үйретуші ойындар мен мультфильмдер әзірленеді. Атап айтқанда, 2027 жылы өзгертілген төрт әріпке арналған «Сиқырлы әріптердің шытырман оқиғалары» атты төрт бөлімнен тұратын мультсериал жасау ұсынылып отыр.

Бизнес пен тауар қаптамаларына қойылатын талаптар қалай өзгереді?

Өндірушілер үшін жеке өтпелі кезең қарастырылған. 2027 жылғы 22 сәуірден 2028 жылғы 22 сәуірге дейін тауарлардың қаптамалары мен жапсырмаларында ескі және жаңартылған әліпбиді қатар пайдалануға рұқсат етіледі.

Ал 2028 жылғы 22 сәуірден бастап жаңа қаптамалар мен жапсырмалар жаңартылған латын әліпбиімен дайындалуы тиіс. Бұған дейін өндірілген ескі үлгідегі қаптама материалдарын 2029 жылғы 22 сәуірге дейін пайдалануға болады.

Өтпелі кезең аяқталғанға дейін қолданыстағы талаптарға сәйкес таңбаланған тауарларды жарамдылық мерзімі біткенше сатуға рұқсат етіледі.

Өзгерістер банктердің мобильді қосымшаларының интерфейстеріне, банкоматтарға, төлем терминалдарына, салық және кеден жүйелеріне, сондай-ақ электрондық сауда платформаларына да енгізіледі.

БАҚ пен маңдайшалар жаңа әліпбиге көшеді

Заң күшіне енгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары, сондай-ақ баспа және баспагерлік өнімдер жаңартылған әліпбимен жариялануы тиіс. Жоба бұл талаптың жекеменшік БАҚ-қа да қатысты екенін көздейді.

Редакциялар техникалық құралдарын бейімдеп, қызметкерлерін жаңа емле ережелеріне үйретуі керек. Дегенмен, жекеменшік басылымдарға кириллица немесе бұрынғы латын әліпбиін қолдануды жалғастыруға рұқсат беріле ме және жаңа талаптарды орындамаған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылатыны әзірге белгісіз.

2027 жылдан бастап мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларын, жол белгілерін, әуежайлар мен теміржол вокзалдарындағы ақпараттық таблоларды, қоғамдық көлік бағыттары мен аялдамалардың атауларын да кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланып отыр.

Мемлекеттік елтаңба мен мемлекеттік наградалардағы жазулар да өзгертілмек. Тиісті құжаттардың жобаларын 2027 жылы әзірлеу көзделген.

Өзбекстан OpenAI мен Google компанияларына жүгінеді

Бағдарламаның жеке бөлімі цифрлық инфрақұрылымды жаңартуға арналған. Цифрлық технологиялар министрлігіне ö, ğ, ş және ç әріптерін қолдайтын бірыңғай өзбек пернетақтасының стандартын әзірлеу тапсырылмақ. Оны Android, iOS, macOS және Windows жүйелеріне бейімдеу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ OneID және my.gov.uz мемлекеттік цифрлық платформаларына да өзгерістер енгізіледі. Жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, емлені тексеруге, мәтіндерді өңдеуге және электрондық мәтіндерді автоматты түрде түрлендіруге арналған тегін бағдарламалар әзірленеді.

2026–2027 жылдары билік OpenAI, Google, Anthropic, xAI, DeepSeek және Meta компанияларына ресми өтініш жолдауды жоспарлап отыр. Онда ChatGPT, Gemini, Claude, Grok, DeepSeek және Meta AI жасанды интеллект жүйелерін жаңартылған өзбек әліпбиі мен емле ережелеріне бейімдеу ұсынылмақ.

Әліпбиді ауыстыруға қанша қаражат жұмсалады?

Мемлекеттік органдар мен ұйымдарға бір ай ішінде өздерінің жол карталарын әзірлеу міндеттеледі. Онда жұмыстың орындалу мерзімі, жауапты тұлғалар мен қаржыландыру көздері көрсетілуі тиіс.

2027 жылы шығындар республикалық бюджеттен бұған дейін бөлінген қаражат шеңберінде өтеледі. Ал 2028 жылдан бастап қаржыландыру мемлекеттік бюджет параметрлерінде қарастырылады. Сонымен қатар ведомстволарға бюджеттен тыс қаражатты пайдалануға рұқсат беріледі.

Бағдарламаның орындалуына мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары дербес жауапты болып тағайындалады.

Өзбек тілін латын графикасына көшіру 1993 жылы басталып, 1995 жылы әліпбиге елеулі өзгерістер енгізілген болатын. Кейінгі жылдары билік оны жетілдіру мәселесіне бірнеше рет қайта оралды. Төрт әріпті өзгерту жөніндегі кезекті нұсқаны жұмыс тобы 2023 жылдың қыркүйегінде таныстырған еді.

Комментарии
Другие материалы