Украинаның бірнеше қаласына шабуыл жасалды. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар

250
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/p00fBUNutnUfAKfivCuZTFOhcp0fdrk0lUxVVFVe.jpg

22 қарашада Ресей әскерінің Украинаның бірқатар өңіріне жасаған соққылары салдарынан ондаған адам қаза тауып, бірнешеуі хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW-ге сілтеме жасап.

Киев облысына жасалған шабуылдардан оннан астам адам қаза тапқан. Атап айтқанда, Вышгород ауданына қарасты Дымер кентінде өткен түні Ресей дроны бес қабатты тұрғын үйге соғылып, тоғыз адам мерт болған. Бұған дейін қираған кіреберістің үйінділерін аршу кезінде бір баланың құтқарылғаны хабарланған болатын.

Киев облысының Буча ауданына қарасты Вишневое қаласында Ресей әскерінің шабуылынан үш адам қаза тауып, тағы 15 адам жарақат алған. Киев облыстық әскери әкімшілігінің мәліметінше, соққы супермаркетке тиген. Зардап шеккендердің бірі ауыр халде жатыр.

Украиналық Telegram-арналардың жазуынша, ресейлік ұшқышсыз ұшу аппараты «Новус» сауда орталығына түскен.

Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың айтуынша, Ресей Қарулы күштерінің шабуылы салдарынан облыстың Белая Церковь ауданындағы жеке тұрғын үйден өрт шыққан. Бір ер адам қаза тауып, оның денесін құтқарушылар үйінді астынан алып шыққан. Тағы төрт адам жарақат алған. Әйелдердің бірі бас-ми жарақатымен ауруханаға жатқызылса, екіншісі жарылыс толқынынан зардап шеккен.

Белая Церковь қаласында ресейлік ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтары дүкен маңына құлап, екі адам жарақат алған. Олар ауруханаға жеткізілген. Сонымен қатар жеке тұрғын үй, екі көлік және кәсіпорын ғимараты зақымданған.

Днепр қаласында Ресей шабуылынан бір әйел қаза тауып, тағы екі адам жарақат алған. Бұл туралы облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Александр Ганжа мәлімдеді.

«Днепрде тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандары зақымданды. Бір әйел қаза тапты. 22 жастағы ер адамның жағдайы ауыр. Ал 49 жастағы ер адамның жағдайы орташа ауыр», – деп жазды Ганжа әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ басшы энергетикалық инфрақұрылым нысандарына да соққы жасалғанын атап өтті. Оның мәліметінше, Ресей әскері бір күн ішінде облыстың бес ауданына дрондармен, артиллериямен және авиациялық бомбалармен 40-тан астам рет шабуыл жасаған.

Никополь ауданында үш адам жарақат алған. Олардың арасында жағдайы ауыр 64 жастағы ер адам және жағдайы орташа ауыр 65 жастағы әйел бар.

Каменское ауданында 51 және 62 жастағы екі ер адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Екеуінің де жағдайы орташа ауыр. Ауданда инфрақұрылым нысандары зақымданған.

Синельниково ауданында екі адам жарақат алып, дүкен, автокөлік және инфрақұрылым нысандары бүлінген. Ал Днепр ауданында Ресей әскерінің нысанасына инфрақұрылым нысандары іліккен.

Донецк облысында Ресей әскері Славянск қаласындағы тұрғын үйге «ФАБ-500» авиациялық бомбасын тастаған. Шабуыл салдарынан екі адам – әйел мен 56 жастағы жергілікті тұрғын қаза тапқан. Тағы үш адам жарақат алған. Жалпы қалада тоғыз көпқабатты тұрғын үй зақымданған.

Запорожье қаласында Ресей әскері FPV-дрон арқылы азаматтық көлікке шабуыл жасаған. Салдарынан 68 жастағы жүргізуші жарақат алып, жағдайы орташа ауыр күйде жатыр. Бұл туралы Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Михаил Семикин мәлімдеді.

Харьков қаласының Салтов ауданында ресейлік дрон тоғыз қабатты тұрғын үйдің шатырына соғылған. Салдарынан бір әйел зардап шеккен. Ал Полтава ауданында ресейлік ұшқышсыз ұшу аппараты жеке кәсіпорынның аумағына түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.

Комментарии
Другие материалы