Threads пікірталас алаңына айналды. Себебі неде, нені ескеру керек?

182
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fYG6QOzQX8fOH70qpMVHiqaNy8JydWD34OH8RMJc.jpg

Threads желісінің қазақ сегментінде қоғамдық тақырыптардың қызу талқылануы қалыпты құбылысқа айналып келеді. Бірі өз көзқарасын білдірсе, енді бірі қарсы пікір айтып, үшіншісі талқылауға жаңа бағыт береді. Кейде қарапайым жазбаның өзі үлкен қоғамдық пікірталасқа ұласады.Бұл белсенділіктің артында не тұр?
Қоғам шынымен ашық диалогқа ұмтыла ма, әлде әлеуметтік желі эмоцияны жария түрде білдірудің оңай алаңына айналды ма?


Бұл құбылысты жастармен тікелей жұмыс істейтін мамандардың көзқарасы арқылы да қарастыруға болады. Өйткені жастар – цифрлық кеңістіктегі белсенді аудиторияның бірі. Олар әлеуметтік желіні ақпарат алу құралы ретінде ғана емес, өз ойын білдіру, пікір алмасу және қоғамдық мәселелерді талқылау алаңы ретінде де пайдаланады.

АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК ПЕ?

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры Нарқозы Есенгелдіұлы жастармен жұмыс тәжірибесіне сүйене отырып, әлеуметтік желідегі белсенділікті азаматтардың өз ойын ашық жеткізу мүмкіндігімен байланыстырады.

Фотода Нарқозы Есенгелдіұлы

«Бүгінде әлеуметтік желі ақпарат алатын орынмен қатар адамдардың өз ойын ашық білдіруіне арналған қоғамдық алаңға да айналды. Егер бұрын адамдар өз пікірлерін жақын ортасында айтса, қазір оны бірден мыңдаған адаммен бөлісе алады», - дейді ол.

Бұл тұрғыдан алғанда, Threads-тің танымалдығы да кездейсоқ емес. Платформа пайдаланушыларға ақпаратты жай ғана тұтынбай, оған жауап беруге, өз ойын жариялауға және өзгелермен пікір алмасуға мүмкіндік береді. Яғни әлеуметтік желідегі аудитория бір мезетте әрі оқырман, әрі талқылауға қатысушыға айналды.

Алайда пікір білдірудің өзі азаматтық белсенділіктің толық өлшемі бола алмайды. Қоғамдық мәселені көтеру, мемлекеттік органдарға сауал жолдау немесе әлеуметтік бастамаларды қолдау нақты әрекетке ұласқанда ғана оның ықпалы арта түседі.

«Қоғамдық мәселе туралы пікір білдіру – азаматтық белсенділіктің бір көрінісі. Бірақ пост жазу мен азаматтық әрекетті теңестіруге болмайды. Кейде әлеуметтік желідегі реакция сол күнгі эмоциямен де аяқталып қалады», - деп түсіндіреді Нарқозы Есенгелдіұлы.

САНАЛЫ КОММУНИКАЦИЯНЫҢ ШАРТТАРЫ

Мәселенің екінші қыры – пікірталас мәдениеті. Әлеуметтік желіде әркімнің өз ойын айтуға мүмкіндігі бар. Бірақ пікір білдіру еркіндігі әрдайым өзара құрмет пен дәлелге негізделген диалогты қамтамасыз ете бермейді. Кейде талқылау мәселенің мәнінен алыстап, жеке басқа қатысты сынға ұласады.

Проректордың пайымдауынша, конструктивті сын мәселені көрсетумен ғана шектелмеуі керек. Оның себебін түсіндіріп, шешу жолын ұсыну да маңызды. Сонымен қатар сын айтылған тарап оны жеке шабуыл емес, кері байланыс ретінде қабылдай білуі қажет.

Тағы бір назар аударатын мәселе – әлеуметтік желідегі пікірлердің қоғамның шынайы көзқарасын қаншалықты көрсететіні. Белсенді аккаунттардың көп пікір жазуы көпшіліктің дәл осындай ұстанымда екенін білдірмейді. Өйткені әлеуметтік желіні пайдаланушылардың бәрі бірдей пікір білдірмейді, ал алгоритмдер әр адамға оның қызығушылығына сай контент ұсынады.

Сондықтан желідегі реакцияны қоғамдық пікірдің жалғыз көрсеткіші ретінде қарастыруға болмайды. Оны әлеуметтік сауалнамалармен, тікелей кездесулермен және ресми кері байланыс нәтижелерімен салыстыра бағалау қажет.
Цифрлық кеңістіктегі талқылаудың сапасы пайдаланушылардың медиасауаттылығы мен жауапкершілігіне де байланысты.

Ақпаратты тексеру, факт пен пікірді ажырату, жалған мәлімет таратпау және өзге көзқарасқа құрметпен қарау – саналы коммуникацияның негізгі шарттары.

«Әлеуметтік желідегі еркіндік пен жауапкершілік бір-бірінен бөлек ұғым емес. Сапалы қоғамдық диалог бір-бірімізбен келіскен кезде ғана емес, келіспеген кезде де мәдениетті сөйлесе алуымыздан басталады», - дейді Нарқозы Есенгелдіұлы.

Демек, мәселе қазақстандықтардың қанша пікір жазатынында ғана емес, сол пікірлердің қоғамдық диалогқа қаншалықты үлес қосатынында. Әлеуметтік желідегі белсенділік қоғамның үнін жеткізуге мүмкіндік береді. Ендігі маңызды міндет – сол дауыстың дәлелді, жауапты әрі нәтижелі болуына жағдай жасау.

ЭМОЦИЯ ЖӘНЕ ВИРТУАЛДЫ МОЙЫНДАЛУ

Қоғамдық тақырыптардың әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында қызу талқылануы тек сыртқы ақпарат ағынымен ғана емес, адамның ішкі психологиялық ерекшеліктерімен де тығыз байланысты. Жеке пікірін ашық жазу – әр азаматтың тұлғалық болмысының, ішкі дүниесінің, ұстанған құндылықтары мен өзіндік көзқарасының айқын көрінісі.
Бұл үдерістің түпкі төркінін түсіндіре келе, психолог Бибігүл Калел ең алдымен адам табиғатынан эмоцияға бейім екенін атап өтеді.

Фотода Бибігүл Калел

«Біздің миымыз қорқыныш, ашу, таңғалу немесе наразылық сияқты күшті эмоциялар тудыратын ақпаратқа жылдамырақ назар аударады. Сондықтан әлеуметтік желілерде сабырлы әрі сараптамалық материалдарға қарағанда, өткір, даулы немесе арандатушылық сипаттағы жазбалар әлдеқайда жиі әрі қызу талқыланады»,- дейді маман.

Сонымен қатар бұл жерде адамның нейробиологиялық ерекшеліктері, атап айтқанда дофаминнің атқарар рөлі ерекше.

Дофамин – адамның ынталануына, марапат күтуіне және жаңа үдерістерді үйренуіне жауап беретін маңызды нейромедиатор.

Сарапшының айтуынша, егер адам әлеуметтік желіде өткір пікір жазып, оған көптеген лайктар мен жауаптар алса, оны саналы немесе бейсаналы түрде әлеуметтік қолдау мен қоғам тарапынан мойындалу ретінде қабылдайды.

Нәтижесінде, ми бұл үдеріске үйреніп, адам қайтадан сол назарға ие болуға ұмтылады. Дәл осы механизм кейбір қолданушыларда күн сайын эмоционалды пікірталастар мен дауларға қатысу әдетін қалыптастырып, оларды виртуалды ортаның белсенді қатысушысына айналдырады.

АЛГОРИТМДЕР ПІКІРТАЛАСТЫ ҚАЛАЙ КҮШЕЙТЕДІ?

Адамдардың бұл психологиялық ұмтылыстары мен эмоциялық белсенділігі кездейсоқ туындай қоймағаны анық. Оның артында цифрлық платформалардың жұмыс істеу тетіктері мен назар экономикасының заңдылықтары тұр. Бұл үдерістің техникалық жағы мен алгоритмдердің рөлі қандай? Бұл сұраққа СММ-маман өз жауабын береді. 

Фотода Әйгерім Жұмасағиева

Threads платформасының бұл қайнаған қазанға айналуын СММ және контент маркетинг маманы Әйгерім Жұмасағиева өз пайымынша түсіндіреді.

«Бүгінде әлеуметтік желі қолданушыларының саны күн сайын артып келеді. Әсіресе, Threads желісіндегі оқырмандар аудиториясы басқа платформалардан қалыспайды. Мұнда көбінесе қатаң сүзгі, шектеу аз болғандықтан, әркім көкейіндегі ойын еш ойланбастан, лезде жазып жібереді. Алайда, контент тілімен айтқанда, қаралым немесе пікірдің көптігі ешқашан мазмұнның сапасы мен маңыздылығын көрсетпейді», - дейді маман.

Оның айтуынша, түпкі мақсаты бұлдыр ақпараттар мен жекелеген эмоциялық пікірлер көбіне оқырманды адастырып, қоғамды жаңылыстыруға әкеп соғады. Көп қаралым жинаған дүние сапалы деген сөз емес. Сол себепті әрбір оқырман тұтынған ақпаратының шынайылығына үңіліп, оны таратып отырған адамның сенімділігіне (жеке парақша ма, әлде фейк пе) мән бергені жөн.

Қарапайым қолданушылар өз ойын еркін ақтарса, танымал тұлғалар сол талқылаудың ауқымын ұлғайтып, бағытын өзгертіп отырады.

«Бұл платформа жай ғана пікір таластыратын орын емес, сонымен қатар брендтер мен компаниялар үшін аудиториямен шынайы байланыс орнататын алаң. Мұнда ресми жарнамадан гөрі емен-жарқын сөйлесу, ашық пікір алмасу маңыздырақ. Сондықтан Threads-тегі бұл белсенділік уақытша тренд емес, ұзаққа созылатын коммуникациялық үрдіске айналып келе жатқаны анық», - деп түйіндейді СММ-маман.

Дегенмен, бұл цифрлық көрсеткіштер мен алгоритмдердің артында жалаң статистика емес, тірі адамдардың көзқарасы мен қоғамның шынайы көңіл-күйі тұр. Егер СММ мамандары үшін бұл сәтті коммуникация мен назар аудару құралы болса, қоғамдық үдерістерді жіті бақылап жүрген журналистер үшін бұл – үлкен ойландыратын құбылыс. Себебі цензураның жоқтығы мен шектеусіз еркіндік бір жағынан азаматтарға өз ойын бүкпесіз жеткізуге жол ашса, екінші жағынан ақпараттық кеңістікте түрлі күрделі сұрақтарды туындатып отыр.

ЦИФРЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ҚАЛЫПТАСУ АЛАҢЫ

Журналист Дарина Таупихова бұл құбылысты тек қолданушылардың «коммент жазуға құмарлығымен» түсіндіру жеткіліксіз екенін айтады. Оның пайымынша, Threads желісіндегі қазақтілді аудиторияның белсенділігі бірнеше әлеуметтік, мәдени және саяси фактордың тоғысуынан пайда болған. Тіпті мұны Қазақстандағы цифрлық қоғамдық пікір кеңістігінің қалыптасуы деп қарастыруға негіз бар.

Фотода Дарина Таупихова

«Кейінгі уақытта «Threads – қазақтардың аймағы» деген түсініктің пайда болуы да кездейсоқ емес. Шетелдік қолданушылар арасында осындай сипаттаманың қалыптасуына қазақтілді аудиторияның белсенділігі, пікірталасқа араласуы, бір-бірінің жазбасын қолдауы және белгілі бір тақырыптарға жаппай үн қатуы әсер етті. Қазақстандықтар тек өзара пікір алмасып қоймай, шетелдік қолданушылардың жазбаларына да араласып, қазақ қоғамының ұстанымын таныта алады. Қысқа қайырғанда, платформа өзіндік цифрлық мәдениеттің қалыптасу алаңына айналды», – дейді журналист.

Маманның айтуынша, бұл желінің басты тиімді тұсы – мұнда дәстүрлі медиадағыдай қатаң цензура мен шектеулердің жоқтығы. Дәл осы еркіндік қарапайым азаматтарға қоғамдағы өзекті әрі өткір мәселелерді жасырмай, бүкпесіз ашық көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Бір адамның жазбасы жүздеген оқырманның үн қосуына себеп болып, аз уақыт ішінде үлкен қоғамдық талқылауға ұласуы – осы ашықтықтың нәтижесі. Алайда медиа саласының өкілі бұл белсенділіктің екінші, көлеңкелі тұсы да бар екенін ескертеді.

«Әсіресе саяси сипаттағы жазбалар мен пікірталастарда анонимді және жалған аккаунттардың рөліне назар аудару қажет. Осы тұста «swarming» (үйлестірілген цифрлық белсенділік) ұғымын атап өткен жөн. Яғни бірнеше аккаунттың бір мезгілде белгілі бір пікірді қолдап немесе оған қарсы шығып, көпшіліктің ортақ көзқарасы сияқты әсер қалыптастыруы. Мұндай әрекеттер қоғамдық пікірді жасанды түрде күшейтіп, ақпараттық кеңістіктегі шынайы ахуалды бұрмалауы мүмкін», – деп түсіндіреді маман.

Әрине, лақап атпен отырған әр қолданушыны бот немесе жалған аккаунт деп қарастыруға болмайды, өйткені анонимділік пен цензураның болмауы кей жағдайда адамның өз ойын еш қысылмай, еркін жеткізуіне мүмкіндік береді. Десе де, органикалық белсенділік пен үйлестірілген ақпараттық ықпалдың аражігін ажырату аса маңызды. Өйткені комменттің көп болуы – қоғамдық пікірдің шынайы екенін білдірмейді.

Бір қарағанда, Threads желісі қазақ қоғамының ашық сөйлеуге, өз ұстанымын қорғауға дайын екенін көрсетіп отыр. Цензураның жоқтығы мен пікір алмасудың жеделдігі бұл платформаны қоғамдық көңіл-күйдің айнасына айналдырды. Алайда сол айнадағы бейненің қаншалықты шынайы екені – әрбір қолданушының медиасауаттылығы мен сыни ойлау қабілетіне тікелей байланысты.

Бүгінде басты сұрақ ашық күйінде қалып отыр: біз әлеуметтік желіні шынайы азаматтық қоғам қалыптастыратын, мәселенің шешімін бірге іздейтін парасатты алаңға айналдыра аламыз ба, әлде күнделікті эмоция мен жасанды трендтердің жетегінде кете береміз бе? Бұл сұрақтың жауабын платформа алгоритмдері емес, сол желіде отырған әрбір қазақстандықтың өзі жазатыны анық.

Жанель Омарова

Комментарии
Другие материалы