Таразда «ASPARA FASHION DAY 2026» халықаралық сән іс-шарасы өтіп жатыр

219
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xUpMTxUUmPxjgZkJRLM7svgR692J21SEUOJbwzGo.jpg

Бүгін, 21 қарашада, Тараз қаласындағы «Көне Тараз» этномәдени кешенінде Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Асыл-Дизайн» сән үйі ұйымдастырған «ASPARA FASHION DAY 2026 – Мұра коды» халықаралық іс-шарасы өтуде.

Іс-шара аясында қолөнершілер көрмесі, концерт, халықаралық форум және баспасөз конференциясы ұйымдастырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ұлттық мәдени мұраны заманауи сән үлгілері арқылы дәріптеу, отандық дизайнерлер мен қолөнер шеберлерінің шығармашылығын насихаттау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Көрмеге Жамбыл өңірінің 33 қолөнершісі қатысып, ұлттық нақыштағы авторлық бұйымдарын таныстыруда. Келушілерге дәстүрлі қолөнер туындылары, ұлттық ою-өрнектермен безендірілген бұйымдар мен шеберлердің жеке жұмыстары ұсынылған.

Ал концерттік бағдарламада Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары мен өңірдің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетуде. Бағдарламада халық әндері, терме және туған жерге арналған эстрадалық шығармалар орындалуда.

Сонымен қатар, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен халықаралық форумда ұлттық мұраны заманауи сән арқылы дәріптеу, креативті индустрияларды дамыту және дизайнерлер мен қолөнершілер арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесуге жергілікті атқарушы органдардың, мәдениет және туризм салаларының өкілдері, тарихшылар мен қазақстандық және шетелдік дизайнерлер қатысты.

Форум барысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңірде киіз басу, тоқымашылық және зергерлік өнер дәстүрлерінің сақталғанын атап өтті. Ал «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілі Ақбота Қайырханова іс-шаралардың Қазақстанның оқиғалық күнтізбесіне енгізілу тәртібі мен туристік әлеуетті арттырудағы маңызы туралы баяндады.

Биылғы халықаралық сән іс-шарасына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан 18 дизайнер қатысуда. Олар «Мұра коды» тақырыбында әзірленген 21 авторлық топтамасын ұсынады. Сән көрсетілімінде ұлттық киім үлгілері, дәстүрлі ою-өрнектер мен тарихи мәдени элементтердің заманауи сәндегі көрінісі таныстырылады.

Сән көрсетілімінің бағдарламасында қазақстандық дизайнерлермен қатар, шетелдік сәнгерлердің жұмыстары да ұсынылады. Сонымен бірге Тараз қаласының қолөнершілері мен модельдік агенттіктерінің топтамалары да подиумға шығады.

Бүгін сағат 17:00-де «Көне Тараз» этномәдени кешенінің көрме павильонында халықаралық сән көрсетілімі басталады.

Комментарии
Другие материалы