Ақсай қаласында қайта жаңғыртудан өткен «Жастар» стадионы пайдалануға берілді. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нариман Төреғалиев, тапсырыс берішілер мен мердігер компания басшылары, аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жиналғандарды ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында жаңа кейіпке енген нысанның ашылуымен құттықтады. Нариман Төреғалиев бұқаралық спортты дамыту, ұлт саулығын нығайту мемлекет саясатының басым бағыттары екенін атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірімізде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 2023–2026 жылдары жаңа 132 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 24 спорт нысаны салынды. Барлық аудан орталығы мен ірі ауылдар дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен қамтылды. Енді мұндай заманауи нысандар шағын елді мекендерде бой көтеріп жатыр. Қайта жаңғыртылған «Жастар» стадионы жас спортшыларды жаңа белестерге қанаттандыратынына сенім мол, - деді облыс әкімі.
Көпбейінді кешен «КПО Б.В.» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында қайта жаңғыртылды. Мұнда заманауи спорт залы, FIFA стандарттарына сай футбол алаңы, ұлттық ойындар және жаттығу алаңдары, жүгіру жолдары мен экстремалды спорт түрлеріне арналған арнайы аймақ қарастырылған. Жобаны уақытылы әрі сапалы атқарған мердігерлік ұйым – «Қалдығайты» компаниясына облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.

Аймақ басшысы спорт алаңдарын аралап, мекеме басшылығы, бапкерлер және шәкірттермен тілдесті. Стадиондағы құрмет тақтасына бөрлілік әлем чемпиондары Темірлан Көлбай, Гүлдана Әлмұхамбетова, Мерует Байниязова, Мәлік Мұқашев және Азария Хаммидуллинаның суреттері қойылып, жетістіктері жазылған. Облыс әкімі бұл бастаманы оң бағалап, аға-апаларының жолын қуатын жас өрендерге тың серпін беретініне сенім білдірді.
Айта кетейік, «КПО Б.В.» компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалары аясында Ақсай қаласында бұдан бөлек оңалту орталығы, оқушылар және жастар сарайының құрылысы да жүріп жатыр.
