Иран АҚШ қайта төпелесе, қақтығыс ауқымы кеңейетінін айтты

120
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rf5clvaCCNtXNMXhCRiUWg6VvzU379r6Ry9zGwfV.webp

Иран АҚШ тарапынан жаңа әскери соққы жасалған жағдайда, жауап шабуылдарының ауқымын кеңейтіп, қақтығыс географиясын Таяу Шығыстан тыс аймақтарға дейін жеткізуі мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Иран армиясының өкілі, бригада генералы Мұхаммед Акраминья айтты.

Иранның Mehr агенттігінің 3 қарашадағы мәліметінше, Акраминья ел қарулы күштері ықтимал шабуыл нысандарының тізімін жаңартып жатқанын айтқан. Оның сөзінше, әскери текетірес қайта басталса, Иран қаруы жететін аумақтағы АҚШ-тың әскери нысандары, техникасы, әскери қызметшілері мен өзге де мүдделеріне соққы жасалуы мүмкін.

Акраминьяның айтуынша, Иранның қарсыластары елдің батыс шекарасында құрлық майданын ашу мақсатында Ирактың солтүстігіндегі Күрдістан аймағында орналасқан үкіметке қарсы қарулы топтарды пайдалануға тырысқан. Алайда Иран әскері бұл топтардың бекіністеріне алдын ала соққы беріп, олардың жоспарына тосқауыл қойғанын мәлімдеді.

Бұл мәлімдемелер АҚШ-тың Ормұз бұғазы маңындағы Иран нысандарына, соның ішінде Кешм аралына шектеулі әскери соққы жасағаны туралы ақпарат тараған тұста айтылды. Вашингтон бұл операцияны АҚШ нысандарына төнген қауіпке жауап ретінде жасалған қорғаныс шарасы деп түсіндірді.

Сонымен бірге екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар жалғасып жатыр. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Иранмен жанама келіссөздерде ілгерілеушілік барын айтқан. Ал Тегеран келісімге келу үшін АҚШ-тың теңіз блокадасын тоқтату және өзге де талаптарын орындау қажет екенін мәлімдеді. Иран бұғазды екі күн ішінде қайта ашу жоспарын да ұсынған.

Айта кетейік, Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи қарулы күштерге елге төнген кез келген қауіпке оның географиялық орналасуына қарамастан, жедел әрі қатаң жауап беруді тапсырған.

Комментарии
Другие материалы