Республика күні қарсаңында 129 еңбек ардагері мен 473 жұмысшы мемлекеттік наградаларға ие болды

55
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4cLQxHNWfXlp8x3IpAnClZcH0bLFwqO0pRPKgKz9.webp

Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндірістік сала еңбеккерлері III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің кавалері атанды. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды "Адырна".

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы мәдениет саласының көрнекті өкілдері Б.Бәйменге, Т.Мүсілімге, П.Палтаевқа, М.Сайланбекке, А.Темкинаға және басқа да тұлғаларға берілді.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына педагогтер және білім беру саласының өкілдері Н.Каранда, К.Мәжитова, Е.Омарханов, Н.Сафиуллина, «Қазақстанның халық әртісі» атағына өнер қайраткерлері Т.Мұсабаев, Н.Өтеулов лайық деп танылды.

Бірқатар медицина қызметкері, соның ішінде Т.Шарманов атындағы Ұлттық медициналық университеттің профессоры Т.Таркина «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағының иегері атанды.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер және құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І, ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін», сондай-ақ «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Барлығы 129 еңбек ардагері, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың 473 жұмысшысы, шағын және орта бизнестің 200-ден астам өкілі, 150-ден аса педагог пен ғалым, 120-ға жуық медицина қызметкері, сондай-ақ күнделікті еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген өзге де азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды.

Комментарии
Другие материалы