Пәкістанның солтүстік-батысындағы Пешавар қаласында жекеменшік мектептің шатыры опырылды, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.
Салдарынан кемінде 34 оқушы мен бір мұғалім қаза тапты.
Euronews дерегінше, оқиға салдарынан 50-ден астам адам зардап шекті. Үш баланың жағдайы ауыр. Қаза тапқандардың арасында 12 қыз бала бар.
Қайғылы оқиға 15 қазанда Хайбер-Пахтунхва провинциясының әкімшілік орталығы Пешавар қаласында болған. Мектептің екі қабатын басып қалған шатыр сыныптағы оқушылардың үстіне құлаған.
Жергілікті биліктің мәліметінше, ғимараттың шатыры ескірген әрі құрылыс жұмыстарына байланысты шамадан тыс жүктеме түскен болуы мүмкін. Мектеп иесі қамауға алынып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу басталды.
