Фото: rt.com
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруге қойылған шектеуді алып тастағанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Financial Times-қа сілтеп.
Бұған Ресейдің Украина энергетикалық инфрақұрылымына жасаған шабуылдары себеп болған.
Зеленский өз сөзінде «энергетикалық бітім» кезінде Украина әскері Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары мен дизель отынына қатысты нысандарға шабуыл жасамауы тиіс болғанын айтты. Алайда бітімнің алғашқы екі күнінде Ресей Украинадағы жанармай құю бекеттері мен отын инфрақұрылымына соққы жасаған. Ал үшінші күні елдің негізгі энергетикалық нысандарына шабуыл күшейген.
Зеленскийдің айтуынша, сәрсенбі күні Ресейдің шабуылдарынан кейін, соның ішінде Луцк қаласында бейбіт тұрғындар қаза тапқан оқиғадан соң, ол әскерилерге шабуылдарды уақытша тоқтату режимін доғаруды тапсырған.
Украина президенті егер Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасамау туралы өтінішке жауап ретінде Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғанысқа арналған Patriot жүйелерінің жеткілікті мөлшердегі ұстағыш зымырандары берілсе, бұл ұсынысты орындауға дайын екенін де атап өтті.
Бейсенбіге қараған түні Украина әскері Ресейдің Рязань облысындағы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасаған. Өңір губернаторы Павел Малковтың мәліметінше, алдын ала ақпарат бойынша, зардап шеккендер жоқ. Келтірілген шығын көлемі бағаланып жатыр.
Зеленский аптаның басында Украинаға баллистикалық зымырандармен жасалған шабуылдар туралы одақтастардан алдын ала ескерту алмағанын айтқан. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Вашингтонның Киевпен барлау ақпаратын алмасуды жалғастырып жатқанын хабарлады. Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сыбига да бұл ақпаратты растаған.
Сонымен қатар сейсенбі күні кешке Украинада әскери мақсатта қолданылатын Starshield спутниктік байланыс жүйесінің жұмысында іркілістер байқалған. Кейін жүйе жұмысы ішінара қалпына келгені хабарланды.
Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі Михаил Федоров жүйенің жұмысын қалпына келтіруге атсалысқаны үшін SpaceX компаниясының басшысы Илон Маскке алғыс білдірген. Маск Starshield жүйесінің жұмыс жылдамдығын өзі емес, АҚШ әскері мен президенті бақылайтынын айтқан.
Зеленский Financial Times басылымына берген сұхбатында Starlink жұмысындағы іркілістерді техникалық ақаудан гөрі саяси шешіммен байланыстырған.
