«Жапонияда – 11 мың, бізде 463 мың теңге». Асхат Аймағамбетов елдегі дәрі бағасын сынға алды

101
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LSDH7PLlpMxYuaml6wGN1lf7W6F5Lk6aHjvEWcdu.webp

Қазақстанда шетелде кеңінен қолданылатын кейбір дәрілердің дәріханаларда болмауы және тапсырыспен жеткізілетін препараттардың бірнеше есе қымбат сатылуы Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетовтің сынына себеп болды, деп хабарлайды "Адырна".

Депутат азаматтарды жеке қабылдау кезінде айтылған шағымдардың бірін мысалға келтірді. Науқасқа Helicobacter pylori инфекциясын емдеу үшін 14 күндік курсқа 20 мг дозадағы «вонопразан» препаратының 28 таблеткасы тағайындалған. Алайда қажетті дәріні Қазақстаннан сатып алу оңай емес. 

"Жапонияда Takeda өндірісінің түпнұсқа Takecab препаратының дәл мұндай көлемінің ресми бағасы шамамен 11 мың теңгені құрайды. Малайзияда жапон өндірісінің осы препаратының 30 таблеткалық қаптамасы 27-30 мың теңге тұрады. Қазақстанда препарат әдеттегі дәріханаларда жоқ. Ал тапсырыспен 100 таблеткалық қаптамасын 463 мың теңгеге және одан да қымбатқа ұсынады. Сонда пациент не тағайындалған емнен бас тартуы керек, не өзіне қажеттіден төрт есеге жуық артық таблетка сатып алып, ол үшін жүздеген мың теңге төлеуге мәжбүр», — деп мәлімдеді.

Депутат елдегі баға айырмашылығына назар аударып, бір таблетканың құны Жапониядағы ресми бағадан шамамен 12 есе жоғары екенін атап өтті.

Аймағамбетовтің айтуынша, биыл дәрілік препараттарды тіркеу рәсімін жеңілдетуге, АҚШ-тың FDA секілді халықаралық реттеуші органдар мақұлдаған дәрілерді жеделдетілген тәртіппен тіркеуге және «бір терезе» қағидатын енгізуге бағытталған заң қабылданған. Дегенмен жаңа тетіктер іс жүзінде әлі толыққанды жұмыс істемей отыр.

Осыған байланысты депутат дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыру мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігін жеткізді.

«Бұл жағдай бізге заң қабылдаудың жеткіліксіз екенін тағы бір мәрте көрсетті. Егер заманауи препараттар дәріханаларда әлі де жоқ болса, ал азаматтар оларды шетелден іздеуге немесе бірнеше есе артық төлеуге мәжбүр болса, онда жаңа механизм әлі тиісті дәрежеде жұмыс істеп кетпегені. Оның үстіне, мәселе тек тіркеуде де емес. Біздің нарықта жоқ, сұранысқа ие препараттарды жүйелі түрде анықтау, өндірушілермен жұмыс істеу, жеткізуді жеңілдету және пациентке қажетті 28 таблетканың орнына жүздеген мың теңгеге 100 таблеткалық қаптама ұсынылатын жағдайларға жол бермеу қажет. Бұл мәселені Комитет отырысында және Құрылтайда көтеретін боламыз. Заң қабылданды. Енді оның жұмыс істеуіне қол жеткізу керек. Басты нәтиже — қағаздағы қысқартылған мерзімдер емес, пациент үшін қолжетімді бағада дәріханада қажетті дәрінің болуы. Дәрі-дәрмек көбейгенде, бұл бағаға да әсер етеді», - деді ол.

Депутат мәселені тиісті комитет отырысында және Құрылтайда көтеретінін мәлімдеді. Оның пікірінше, қабылданған заңның нәтижесі дәріханалардағы қажетті препараттардың нақты қолжетімділігімен және пациенттер үшін бағаның қолайлы болуымен бағалануы тиіс.

Комментарии
Другие материалы