Көкшетау қаласында Қарттар күніне орай облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Ақмола облысының 10 ауданынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, қала тұрғындарына 200 тоннадан астам өнім ұсынды. Сауда үшін 50 павильонда 100 сауда орны ұйымдастырылды.

Жәрмеңкеде тұрғындар арасында сұранысқа ие азық-түлік өнімдерінің кең ассортименті ұсынылды. Атап айтқанда, шамамен 50 тонна ет өнімдері, 20 тонна сүт өнімдері, 40 тоннаға жуық көкөніс пен картоп жеткізілді. Сонымен қатар балық, жұмыртқа, ұн, жарма, өсімдік майы, маусымдық тауарлар мен көшет өнімдерін сатып алуға мүмкіндік болды.

Өнімдердің бір бөлігі нарықтағы бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен сатылды. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сұраныс жоғары болды.

«Бүгінгі жәрмеңке ең алдымен 1 қазанда атап өтілетін Қарттар күніне арналды. Осыған орай ай бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Бүгінгі жәрмеңке де осы айлық аясындағы шаралардың бірі. Тұрғындардың белсенділігі жоғары. Бұл бізде қалыптасқан жақсы дәстүрге айналды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің де көңіл-күйі жақсы», — деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Балпан Мұрат.
Жәрмеңкеде тұрақтандыру қорындағы өнімдерге де ерекше сұраныс байқалды. Тұрғындарға сиыр еті, қант, күріш, бірінші сұрыпты ұн, тұз, күнбағыс майы, макарон өнімдері, картоп пен сәбіз ұсынылды. Әлеуметтік маңызы бар бірқатар тауардың бағасы нарықтағы құнынан 10–15 пайызға төмен болды.
Жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар да қатысты.
«Біздің кәсіпорнымыз – «Сочинское Агро». Аршалы ауданындағы Сочинское ауылын таныстырып отырмыз. Біз табиғи ет өнімдерін өндіреміз. Өзіміздің шағын фермамыз және шұжық цехымыз бар. Етті қайта өңдеп, табиғи әрі сапалы өнім шығарамыз. Көкшетау тұрғындары біздің өнімді жақсы біледі. Жәрмеңкелерге бірнеше рет қатысып жүрміз, сондықтан тұрақты тұтынушыларымыз да қалыптасты», – деді «Сочинское Агро» кәсіпорнының өкілі Марина Кондратенко.
Мұндай ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жергілікті тауар өндірушілерге өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей ұсынуға, өткізу нарығын кеңейтуге және өңірлік нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Ал қала тұрғындары үшін бұл – жергілікті жерде өндірілген сапалы азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып алуға қолайлы мүмкіндік.
