Астанада AI-фильмдер фестивалінің финалы басталды

1410
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/yhMrGywGdcrnQiBJAiQLwuRUfr6zJt8VEzixdUni.jpg

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Астанада AI көмегімен жасалған фильмдердің халықаралық фестивалі басталды. 1 қазанда Astana AI Film Festival-дің алғашқы күні өтіп, финалға жолдама алған жұмыстардың жабық көрсетілімі ұйымдастырылды.

Залға жиналған көрермендер экраннан АҚШ, Канада, Италия, Оңтүстік Корея, Қытай және Қазақстан авторларының жұмыстарын тамашалады. Бірнеше фильм көрерменнің ерекше қызығушылығын тудырса, кейбір туындылар көрсетілімнен кейін қызу талқыланды. Өйткені бұл жолы экрандағы кадрлардың артында жасанды интеллект тұр.

Фестивальге әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім түскен. Соның ішінен 25 жұмыс финалға өтті. Олардың арасында екі қазақстандық автордың туындысы бар.

Фестивальдің тең құрылтайшысы әрі кеңес төрағасы Алмас Жали қазақстандық авторлардың жұмыстары шетелдік финалистерден кем түспейтінін айтты.

«125 елден қатысушылар қатысты. Солардың арасынан 25 жұмысты іріктеп алдық. Сол 25 жұмыстың ішінде екі қазақстандық жігіттің жұмысы бар. Екеуі де өте жақсы жұмыс жасады. Олар бізге келген қонақтармен бәсекеге әбден түсе алады», – деді Алмас Жали.

Оның айтуынша, финалға өткен жұмыстардың басым бөлігінде әртүрлі AI-модельдер қолданылған. Соның ішінде Seedance 2.5 моделі де жиі пайдаланылған.

«Негізінен AI модельдер өте көп. Біздің жұмыстарымыздың шамамен 80 пайызы Seedance 2.5-ке жасалған. Ол – қытайлық ByteDance компаниясының моделі. Өте жақсы жұмыстар жасалған», – деді ол.

Көрсетілім аяқталғаннан кейін залдағы көрермендердің әсері де бірден байқалды. Бірі көрген туындысын талқылап жатса, енді бірі жасанды интеллект арқылы мұндай фильмдерді жасауға болатынына таңданысын білдірді. Әсіресе қазақстандық авторлардың жұмыстары көрермен назарынан тыс қалмады.

Ал фестивальдің өзі мұнымен аяқталған жоқ. 2 және 3 қазан күндері финалдық бағдарлама жалғасып, көрермендер финалистердің жұмыстарын MEGA Silk Way-дегі Chaplin кинотеатрынан тамашалай алады. 3 қазанда фестивальдің жеңімпаздары жарияланады.

Комментарии
Другие материалы