Қарағандының болашақ экопаркіне тағы 500 көшет егілді

159
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Cd8Z8CV1ZGwIlOkqx73JduEa1qgjH68WnJQqj9QN.jpg

Қарағандыда аумағы 200 гектардан асатын экопарк құру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін Дүниежүзілік тазалық күніне орай мұнда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында тағы 500 көшет отырғызылды.

Экологиялық акцияға студенттер, волонтерлер, 

сондай-ақ «Талдау мектебінің» қатысушылары мен түлектері атсалысты.

— Экологиялық акцияға қаламыздың табиғатына бейжай қарамайтын тұрғындарды, студенттер мен волонтерлерді шақырдық. Осындай игі бастамалар адамдарды ортақ іске жұмылдырып, қаламыздың жасыл желегін көбейтіп, оны жайлы әрі көрікті етуге мүмкіндік береді, — деді Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Ардана Марзанова. — Мұндай акциялар Қарағандыда ғана емес, облыстың өзге де қалалары мен аудандарында өтіп жатыр.

Көшет егу шарасына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаев та қатысты.

— «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысының аса маңызды бастамаларының бірі. Бес жылдан кейін осы жерге қайта келгенімізде, мұнда тұтас бір орман бой көтереді. Сол кезде осы саябақтың іргесін қалауға өз үлесімізді қосқанымызды мақтанышпен айтатын боламыз, - деді Мәулен Әшімбаев.

IT-бизнес колледжінің студенті Максим Федкевич үшін бұл акция ағаш отырғызуға алғаш рет қатысуымен ерекшеленді.

— Бұл — өз қолыммен отырғызған алғашқы ағашым. Сондықтан мен үшін оның орны ерекше. Бүгін біз қаламыздың көркейіп, абаттануына ғана емес, оның болашағына да өз үлесімізді қосып жатырмыз. Жастар осындай игі бастамалардан шет қалмай, белсенді араласуы керек деп ойлаймын. Өйткені бұл қалада өмір сүріп, оны одан әрі дамыту — біздің еншіміздегі міндет. Уақыт өте келе бұл саябақ қала тұрғындары серуендеп, тынығатын жасыл әрі жайлы мекенге айналатынына сенімдімін, — дейді Максим Федкевич.

Экопарк құру жұмыстары биыл мамыр айында басталған. 

Сол кезде оның аумағына емен, алма, қарағай және қарағаштың 4 мың көшеті отырғызылды. 

Сондай-ақ мұнда «Таза Қазақстан» деген жазуы бар символикалық тас қойылды.

Қазір отырғызылған ағаштардың басым бөлігі жерсініп, тамыр жайды. 

Оларды тұрақты суару үшін аумақта тамшылатып суару жүйесі орнатылды. 

Экопаркті абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Комментарии
Другие материалы