Қазақстандағы вольфрам жобасы. Трамптың ұлдарымен байланысты компания лицензиясын ұзартпақ

253
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/c3yQWR1FT0mufaUtg0OdKVYtxl39b84cBRcPdvNn.jpg

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Қарағанды облысындағы «Северный Катпар» вольфрам кен орнын игеру жобасы жаңа кезеңге өтті. Кен орнын дамытуға қатысып отырған компания жер қойнауын пайдалану лицензиясын ұзартуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Kursiv.kz сайтына сілтеп. 

Жобаға америкалық инвестор қатысады. Бұған дейін шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында компанияны АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдарымен байланыстырған ақпарат жарияланған еді.

«Северный Катпар» компаниясы Қарағанды облысы Шет ауданындағы аттас кен орнын игеру құқығына ие. Қолданыстағы жер қойнауын пайдалану лицензиясының мерзімі 2027 жылғы 2 қарашада аяқталады.

Cove KAZ Capital Group компаниясының Қазақстандағы директоры Әлибек Қазбекұлының айтуынша, лицензияны ұзарту процесі қазірдің өзінде жүріп жатыр. Компания экологиялық келісімдерді рәсімдеп, қажетті құжаттарды биыл тиісті министрлікке тапсыруды жоспарлап отыр.

Лицензияны ұзарту рәсімі 2025 жылғы тамызда, «Северный Катпар» толықтай «Тау-Кен Самұрықтың» құрамында болған кезде басталған.

Жобаға кімдер қатысады?

2026 жылғы мамырда америкалық Cove Capital құрамына кіретін Cove KAZ Capital Group «Северный Катпар» компаниясының 70%-дық үлесін сатып алды. Қалған 30% үлес «Тау-Кен Самұрыққа» тиесілі.

Яғни қазіргі құрылым бойынша негізгі инвестор – америкалық компания. Ал қазақстандық ұлттық компания жобаға кен орнын пайдалану құқығымен қатысып отыр.

Жобаның қаржылық міндеттемелері де негізінен америкалық тарапқа жүктелген. «Тау-Кен Самұрық» тарапынан жобаға тікелей қаржы салу міндеттемесі қарастырылмаған.

Трамптың ұлдары бұл жобаға қалай байланысты?

Cove KAZ Capital Group компаниясы Дональд Трамптың ұлдары – Дональд Трамп кіші және Эрик Трамппен байланысты деген ақпарат шетелдік басылымдарда жарияланған.

Атап айтқанда, Financial Times ағайынды Трамптардың Қазақстандағы вольфрам өндірісіне қатысы бар компаниядан үлес алғанын жазған.

Басылым мәліметінше, Трамптардың ұлдары 2024 жылғы тамызда Skyline Builders құрылыс компаниясына инвестиция салған. Кейін Skyline америкалық Cove Capital инвестициялық тобының тау-кен активтеріне қатысты Kaz Resources компаниясының 20%-дық үлесін сатып алған.

Осыған байланысты америкалық инвестициялық топтың Қазақстандағы «Северный Катпар» жобасына қатысуы халықаралық назарға іліккен.

Жобаға қанша инвестиция қажет?

«Северный Катпарды» игеруге салынатын инвестиция көлемі бірнеше рет қайта қаралған.

Алғашқы бағалаулар бойынша, жобаға шамамен $1,1 млрд қажет болған. Кейін инвестиция көлемі $1,6 млрд деп бағаланды. Оның ішінде $900 млн АҚШ Экспорт-импорт банкінен, тағы $700 млн АҚШ-тың Халықаралық даму қаржы корпорациясынан тарту жоспарланған.

Сонымен бірге Cove KAZ Capital Group бас директоры Доминик Хитон жобаға салынатын инвестиция көлемі $2 млрд-қа дейін жетуі мүмкін екенін айтқан.

Қазіргі таңда кен орнында қосымша барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның түпкілікті техникалық-экономикалық негіздемесі 2027 жылы дайындалуы тиіс.

Вольфрам қашан өндіріле бастайды?

Компанияның жоспарына сәйкес, «Северный Катпар» кен орнында өнеркәсіптік өндіріс 2030 жылы басталуы мүмкін.

Алғашқы кезеңде 800 мың тонна кен өндіру жоспарланған. 2033 жылға қарай бұл көрсеткішті 3 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

Вольфрам триоксидін өндіру көлемі 2030 жылы 830 тоннадан басталып, 2047 жылға қарай 8 мың тоннаға дейін өсуі жоспарланған.

Жалпы кен орнында 71,4 млн тонна вольфрам кені бар деп бағаланып отыр. Оның құрамындағы вольфрам триоксидінің мөлшері шамамен 142 мың тоннаны құрайды.

Жыл сайын орта есеппен 5 мың тонна вольфрам триоксидін өндіру жоспарланған.

Жоба тек вольфрам өндірумен шектелмейді. Кен құрамында мыс, молибден және висмут та бар.

Жобаның соңғы өнімі ретінде аммоний паравольфраматын шығару жоспарланып отыр. Ал молибден, висмут және мыс қосалқы өнім ретінде алынбақ.

Сонымен қатар «Северный Катпар» маңындағы «Верхнее Кайракты» вольфрам кен орнын да кешенді игеру көзделген.

Жоспар бойынша мұнда байыту фабрикалары мен гидрометаллургиялық комбинат салынуы мүмкін.

Кен орнын игерудегі негізгі мәселелердің бірі – инфрақұрылым.

Қазір кен орнына апаратын жолдың бір бөлігі топырақ жол. Көктем кезінде немесе жауын-шашын көп болғанда жолдың жағдайы күрт нашарлайды.

Cove KAZ Capital Group басшылығы кен орнына апаратын жолды салуға жергілікті әкімдік те қатысады деген үміт білдірген.

Осылайша, «Северный Катпар» жобасының алдағы тағдыры бірнеше факторға байланысты: лицензияның ұзартылуы, қосымша барлау жұмыстарының нәтижесі, техникалық-экономикалық негіздеменің әзірленуі, инвестиция тарту және қажетті инфрақұрылымның салынуы.

Жоспар жүзеге асқан жағдайда Қазақстандағы ірі вольфрам жобаларының бірі 2030 жылдан бастап өндірістік кезеңге өтуі мүмкін.

Комментарии
Другие материалы