40-тан астам ел баллистикалық зымыран сынақтарына алдын ала ескерту жасауды талап етті

204
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OqgUnkDGOm98CgCAJ5oFF5Tuq28lnl8ghNZz3Zly.jpg

Әлемнің 40-тан астам елі, оның ішінде АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапония алдын ала ескертусіз жүргізілетін баллистикалық зымыран сынақтарының бейбітшілік пен қауіпсіздікке төндіретін қаупі туралы мәлімдеді. Бұл туралы DW жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

11 тамыз, сейсенбі күні жарияланған бірлескен мәлімдемеде құрлықаралық баллистикалық зымырандар, суасты қайықтарынан ұшырылатын баллистикалық зымырандар және зымыран-тасығыштарды сынақтан өткізетін мемлекеттерге мұндай ұшырылымдар туралы кемінде 24 сағат бұрын алдын ала хабарлау жөнінде үндеу жасалды. Бұл талап әсіресе ядролық қаруға ие елдерге қатысты айтылған.

Құжатта «реттелген әрі ашық хабарландыру тетіктері» ешбір мемлекеттің әскери дамуын немесе жедел қажеттіліктерін шектемейтіні, алайда қате есептеулер қаупін азайтып, «сенімді нығайтып, қауіпсіздікке ортақ ұстанымды көрсететіні» атап өтілген.

Ұшырылым туралы хабарламаларда зымыранның жалпы класы, ұшыру аймағы және жоспарланған бағыты секілді мәліметтер болуы тиіс.

Мәлімдемеде Тынық мұхитындағы «жуырдағы зымыран сынақтары» кезінде белгіленген стандарттардың сақталмағаны айтылғанымен, Қытайдың аты тікелей аталмаған. Шілде айының басында Бейжің Тынық мұхиты акваториясында атомдық суасты қайығынан жалған оқтұмсық орнатылған «стратегиялық зымыранды» сынақтан өткізген еді. Қытай бұл жөнінде ұшырылым алдында санаулы мемлекеттерге ғана хабарлаған.

Токио мен Сеулдің мәліметінше, 12 тамызға қараған түні Солтүстік Корея кемінде бір баллистикалық зымыран ұшырған. Бұл – биылғы жылдың басынан бергі он бірінші ұшырылым.

Оңтүстік Кореяның «Рёнхап» агенттігінің хабарлауынша, зымыран КХДР-дың шығыс жағалауындағы Вонсан ауданынан ұшырылып, шығыс бағытқа қарай бет алған.

Оңтүстік Корея Қарулы күштері ықтимал жаңа ұшырылымдарға байланысты бақылау мен қырағылықты күшейткенін мәлімдеді.

Жапония Қорғаныс министрлігінің бағалауынша, зымыран шамамен 90 шақырым биіктікке көтеріліп, ұшырылғаннан кейін 10 минут өткен соң құлаған. Ол 700 шақырымға жетпейтін қашықтықты еңсерген.

Комментарии
Другие материалы