Сәтсіз пластикалық ота. Қостанайлық әйел сот арқылы өтемақы өндіріп алды

72
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1v8fwh82bhRfdJCu4IGCMgkIJ5UigE1jVUTkJxuv.jpg

Қостанай қалалық соты сәтсіз пластикалық отадан кейін дәрігерді сотқа берген әйелдің талап арызын ішінара қанағаттандырды. Ол операцияға жұмсаған қаражатын қайтаруды және моральдық шығынды өтеуді талап еткен, деп хабарлайды "Адырна".

Іс материалдарына сәйкес, әйел екі жыл бұрын ерніне пластикалық ота жасатқан. Алғашқы операция үшін 120 мың теңге төлеген. Кейін нәтижесіне көңілі толмағандықтан, тағы бір түзету отасын жасатып, оған қосымша 90 мың теңге жұмсаған.

Алайда екі хирургиялық араласудан кейін пациенттің жоғарғы ернінде тыртықты деформация пайда болған. Сараптама қорытындысы бойынша, артық тіндердің алынуы салдарынан әйелдің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келген. Мамандар жүргізілген оталар мен келтірілген зиян арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екенін растады.

Сот барысында ота жасаған хирургтің «Пластикалық хирургия» мамандығы бойынша сертификаты да, медициналық қызметпен айналысуға қажетті лицензиясы да болмағаны анықталды.

Нәтижесінде сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, жауапкерден операцияларға төленген 210 мың теңгені, моральдық зиян үшін 700 мың теңгені және сот сараптамасын жүргізуге кеткен 457 мың теңге шығынды өндіріп беру туралы шешім шығарды.

Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Комментарии
Другие материалы