"Балдәурендегі" кездесу. Әлемнің бірнеше елінен келген қазақ балалары Атажұртта бас қосты

99
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/huaUqJiYZZZz0A7NQHRCEyRH5LseKOU1OFMo80lE.jpg

9 шілде күні Ақмола облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында шетелдегі этникалық қазақ балаларына арналған «Атамекен: қазақ ДНҚ-сын ашу» халықаралық балалар құрылтайы өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Биылғы жобаға әлемнің 8 елінен 288 қазақ баласы қатысып, тарихи Отанымен қауышты.

Құрылтай Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің және Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен өтті.

Құрылтай барысында Halyk қайырымдылық қорының басқарушы директоры "Балдәурен" оқу-сауықтыру орталығының кітапханасына қазақтың дара ақыны Абай Құнанбайұлының қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі кітаптарын сыйға тартты. 

«Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірнеше жылдан бері тұрақты серіктестік орнатып келеді. Биылғы құрылтай – осы жүйелі қолдаудың нақты көрінісі. Шетелде тұратын әрбір қазақ баласы – ұлттың аманаты. Сондықтан біз олардың тарихи Отанымен байланысын нығайтып, ана тілі мен ұлттық мәдениетін сақтауға үлес қосуды маңызды санаймыз. Басты мақсатымыз – балалардың бұл сапардан жарқын әсер алып қана қоймай, өздерінің қазақы болмысын тереңірек сезініп қайтуына мүмкіндік жасау», – деді Halyk қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов

7-21 шілде аралығында шетелдегі қазақ балалары атажұрты болған Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен, ұлттық құндылықтарымен танысып қана қоймай, түрлі шығармашылық және танымдық бағдарламаларға қатысты. Олар жаңа достарымен қазақы ортада еркін тілдесуге мүмкіндік алды.

Биылғы құрылтайдың «Атамекен: қазақ ДНҚ-сын ашу» деп аталуының өзіндік мәні бар.

"Өтініш білдірген қандастардың арасынан әртүрлі салада жетістікке жеткен, жүлделі орын алған дарынды балалар іріктеледі. Бір сөзбен айтқанда, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған, сайдың тасындай іріктелген балалар. Іс-шараның басты мақсаты – шетелдегі қазақ балаларын Атажұртымен байланыстыру, қазақ халқының болмысын, салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін тереңірек таныту, – деді жобаны ұйымдастырушылардың бірі Қарлығаш Бекпатшақызы.

Жоба аясында ұйымдастырушылар қазақтың ұлттық болмысын тек тегімен емес, ана тілімен, домбыра үнімен, ұлттық әнмен, айтыс өнерімен, салт-дәстүрімен, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуімен және туған жерге деген сүйіспеншілікпен байланыстырды.

"Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының негізгі миссиясы – балаларды тарихи Отанымен байланыстырып, ұлттық тамырын тереңдету. Небәрі бес баладан басталған бұл жоба бүгінде 288 баланы қамтып отыр. Бүгінгі бала – ертеңгі елдің азаматы. Елге келген соң балалар бір-бірімен танысып, араласады. Бұл – келешек үшін маңызды рухани көпір" – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков .

Биылғы құрылтайдың ерекше сәттерінің бірі – Қытайдан келген жас ақындардың балаларға айтыс өнерін таныстыруы болды. Сонымен қатар Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан келген балалар ұлттық өнерлерін көрсетіп, ән айтып, би билеп, өз елдеріндегі қазақ мәдениетін таныстырды.

Сонымен қатар, шетелден келген балалар арасында 9-шы ауысымның арнайы президенті сайланып, балалар арнайы бағдарлама бойынша көңіл көтеріп, мәдениетпен танысады. 

Өзбекстан елінен келген оқу озаты Дидарбек Нұрланұлы бұл ауысымға түскеніне қуанышты екенін айтты. 

"Балдәурен" лагері өте көңілді, ауа райы да зор. Мен Қазақстанда бірнеше рет болдым, бірақ, Бурабайға алғаш рет келдім. Қазақстанға көшу жоспарымызда бар", - дейді ол. 

Ал Моңғолиядан келген Раббина Дәуірбекқызы Қазақстанда жоғары білім алып, Қазақстанда еңбек еткісі келетінін айтты. 

"Балдәуренде" балалар өте көп. Туыстарымызды да тауып жатырмыз. Тамақтары дәмді, орта көңілді, қазақтарды көріп, қуанып жатырмын, көп рақмет", - деді ол. 



Комментарии
Другие материалы