Месси бастаған Аргентина ширек финалға шықты, Швейцария тарихи жетістікке жетті

597
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hwJN7qimxkgW6J6GRMMAonA3XALmK96JWaJPDr9G.jpg

8 шілдеге қараған түні 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалындағы соңғы матч аяқталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Канаданың Ванкувер қаласында өткен тартысты кездесуде Швейцария құрамасы Колумбияны матчтан кейінгі пенальти сериясында 4:3 есебімен жеңді. Негізгі және қосымша уақыт 0:0 есебімен тең аяқталған болатын. Бұл плей-офф кезеңіндегі сегіз жұптың арасындағы жеңімпазды анықтау үшін қосымша уақыт пен пенальти қажет болған жалғыз кездесу болды. Швейцария құрамасы 1954 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алып отыр.

Ал Аргентина құрамасы 1/8 финалда Мысыр командасын жеңді. Матчта алғашқы екі голды Мысыр құрамасы соқты. 15-минутта Яссер Ибрагим есеп ашса, 67-минутта Мостафа Зико мергендік танытты.

Аргентиналықтар алғашқы голын тек 79-минутта соқты. Лионель Мессидің пасынан кейін Кристиан Ромеро мергендігімен көзге түсті.

Айта кетейік, Месси бірінші таймда пенальтиден мүлт кетіп, осы әлем чемпионатында екінші рет 11 метрлік соққыны пайдалана алмады. Алайда ол 83-минутта есеп айырмасын теңестіріп, турнирдегі сегізінші голын соқты. Осылайша Месси үздік сұрмергендер жарысында көш бастады. Ал жеңіс голын қосылған уақыттың екінші минутында Энцо Фернандес соқты.

Ширек финал және одан кейінгі барлық плей-офф ойыны АҚШ стадиондарында ұйымдастырылады. Алғашқы болып 9 шілде күні Бостон маңындағы Фоксборо қаласында Франция мен Марокко құрамалары кездеседі. Келесі күні Лос-Анджелесте Испания мен Бельгия өзара мықтыны анықтайды. 11 шілде кешінде Майамидегі стадионда Норвегия мен Англия жартылай финал жолдамасын сарапқа салса,  12 шілдеге қараған түні Канзас-Ситиде Аргентина мен Швейцария құрамалары алаңға шығады.

Жартылай финалдық кездесулер 14 және 15 шілде күндері Арлингтон мен Атланта қалаларында өтпек.

Комментарии
Другие материалы