7 шілдеде Қырғызстан астанасы Бішкектегі «Манас» халықаралық әуежайында ұшу кезінде апат болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алдын ала мәлімет бойынша, TezJet әуе компаниясының Бішкек – Ош бағытына ұшуға дайындалған ұшағы екпін алу кезінде артқы шассилерінің бірінің тіреуі сынып кеткен. Соның салдарынан әуе кемесі сол жақ қанатына қарай қисайып, ұшу-қону жолағына құлаған.
Ұшақ бортында 181 жолаушы болған. Олардың барлығы авариялық траптар арқылы эвакуацияланды. Ресми мәліметке сәйкес, қаза тапқандар жоқ. Кейбір жолаушылар жеңіл жарақат алған, экипаж мүшелері зардап шекпеген.
Әуежай әкімшілігінің хабарлауынша, оқиға салдарынан ұшақтың қанаты зақымданған. Сонымен қатар, оқиғадан кейін 7 шілдеде 14 рейс кейінге шегерілді.
