Жаңа Конституция - ел дамуының жаңа кезеңіне бастар жол

226
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AC4U3wDip9xy2J6zgbSutFdAI78h9CVgCdo73H3D.jpg

Жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстандағы саяси реформалардың жаңа кезеңін бастап, елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған институционалдық өзгерістердің құқықтық негізін қалыптастырды. Мәжіліс депутаты Ардақ Бораштың айтуынша, бұл құжат тек мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, сонымен қатар «Әділетті Қазақстанды» құруға, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталған маңызды стратегиялық негіз.

Сұхбат барысында депутат жаңа Конституцияның елдегі саяси жаңғырудағы рөліне, заң үстемдігін нығайтуға, адами капиталды дамытуға, ғылым мен инновацияларды қолдауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға қатысты пікірін білдірді. Сонымен қатар ол реформалардың ұзақ мерзімді нәтижелері мен Қазақстанның алдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік даму перспективаларына тоқталды.

- Бүгін Қазақстанда ауқымды саяси реформалардың қорытындысы болған жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Сіздің ойыңызша, бұл тарихи кезең Қазақстан мемлекеттілігінің одан әрі дамуы үшін қандай маңызға ие?

- Расымен де, бүгін – жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енген күні. Бұл біздің мемлекетіміздің дамуындағы жаңа кезең деп толық айтуға болады. Себебі біз «Әділетті Қазақстан» құрамыз деген мақсатқа ұмтылып отырған уақытта осы жаңа Конституция соның берік негізіне айналады деп есептеймін.

Бұл Конституцияның маған ерекше ұнайтын тұстарының бірі – оның түпнұсқасының қазақ тілінде жазылуы. Әсіресе, бұл ауыл тұрғындары мен қазақ тілді қоғам үшін өте маңызды. Өйткені бұған дейінгі Конституциямыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі өтпелі кезеңде қабылданды. Сол себепті оның түпнұсқасы орыс тілінде әзірленіп, кейін қазақ тіліне аударылған болатын. Соның салдарынан кейбір тұстарын орысшасымен салыстырып қарап отыруға тура келетін, бұл қазақ тілді азаматтар мен ауыл тұрғындары үшін белгілі бір қолайсыздықтар туғызды.

Ал жаңа Конституцияға қарасақ, ол қазақ тілінде жатық, түсінікті әрі екіұшты түсіндіруге жол бермейтін сапалы құжат болып шықты деп ойлаймын. Сондықтан бұл Конституция еліміздің одан әрі дамуына, «Әділетті Қазақстанды» құруға және қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға үлкен үлес қосады деп санаймын.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның Әділетті Қазақстанды құрудың негізіне айналуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Конституциялық реформаның тек құқықтық құжат қана емес, мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясына айналуы қаншалықты маңызды?

- Бұл расында да «Әділетті Қазақстанды» құруға негіз болатын аса маңызды құжат деп есептеймін. Себебі Конституция – барлық азаматқа бірдей қатысты, мемлекет өмірінің негізгі қағидаттарын айқындайтын басты құқықтық құжат. Заң үстемдігі толық орнаған жерде ғана шынайы әділетті қоғам қалыптасады деп толық айтуға болады. Сондықтан жаңа Конституция осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болды деп санаймын.

Бұл құжат еліміздің одан әрі дамуына, азаматтардың мемлекетке және құқықтық жүйеге деген сенімін нығайтуға тікелей ықпал етеді. Конституцияның сапасы тек құқықтық жүйенің ғана емес, жалпы мемлекеттік басқарудың тиімділігіне де әсер етеді. Сол себепті негізгі заңымыз неғұрлым сапалы, түсінікті әрі заман талабына сай болса, еліміздің де дамуы соғұрлым тұрақты әрі нәтижелі болады деп ойлаймын.

Заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін осындай сапалы құқықтық құжаттың болуы өте маңызды. Өйткені кез келген реформа мен мемлекеттік бастама ең алдымен Конституцияға сүйенеді. Сондықтан бұл құжаттың қоғам талабына сай болуы және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталуы еліміздің болашақтағы дамуы үшін ерекше маңызға ие.

 

- Парламент алдында сөйлеген сөзінде Президент жаңа Конституцияда заң үстемдігіне, адами капиталды дамытуға, ғылымға, білімге, инновацияларға, цифрландыруға және әлеуметтік мемлекет құруға ерекше мән берілгенін атап өтті. Сіздің ойыңызша, мұндай басымдықтар қазіргі әлемдік мемлекеттік даму үрдістеріне қаншалықты сәйкес келеді?

- Иә, бұл басымдықтар қазіргі әлемдік даму үдерістерімен толық үндеседі деп айтуға болады. Жалпы, әділетті әрі прогрессивті мемлекет құру үшін ең алдымен адами капиталдың сапасын арттыру, ғылым мен инновацияны дамыту, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу аса маңызды деп санаймын.

Жаңа Конституциямызда осы бағыттардың барлығы өз орнын тапқан. Мұны бірнеше нормадан анық көруге болады. Мысалы, жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары жай ғана жарияланып қоймай, оларды мемлекеттің қорғауына және қамтамасыз етуіне кепілдік берілетіні нақты көрсетілген. Яғни мемлекет азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына тікелей жауапкершілік алады.

Сонымен қатар Конституцияда сөз және шығармашылық еркіндігімен бірге ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет еркіндігіне де ерекше мән берілген. Зияткерлік меншік құқықтарының қорғалуы да нақты айқындалған. Бұдан бөлек, қазіргі цифрлық дәуірдің талаптарына сай азаматтардың жеке деректері мен цифрлық ақпараттарының қорғалуы жөніндегі қағидаттар да көрініс тапқан.

Осының барлығы еліміздің ғылыми әлеуетін күшейтуге, инновациялық дамуына және цифрлық трансформацияны жеделдетуге құқықтық негіз қалайды деп ойлаймын. Жалпы, мұндай бағыттар Қазақстанның ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттырып, прогрессивті әрі заманауи мемлекет ретінде орнығуына толық негіз болады деп айта аламын.

 

- Президент реформалардың негізгі нәтижелерінің бірі ретінде мемлекеттік биліктің жаңа архитектурасының қалыптасуын және елдегі терең институционалдық жаңғырудың басталуын атады. Осындай ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруда және олардың ұзақ мерзімді тиімділігін қамтамасыз етуде саяси көшбасшылықтың рөлі қаншалықты маңызды?

- Мұндай ауқымды реформаларда саяси көшбасшылықтың рөлі шешуші деп санаймын. Себебі институционалдық өзгерістер тек заң қабылдаумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – олардың тиімді іске асырылуы. Ол үшін мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмыс істеуімен қатар, қоғамның белсенді қатысуы, азаматтардың мемлекеттік басқару үдерістеріне кеңінен тартылуы да аса маңызды.

Жаңа Конституциямызға назар аударсақ, онда осы қағидаттар көрініс тапқанын байқауға болады. Мәселен, заң шығару бастамасына қатысты бұрынғы тетіктермен қатар, жаңа қоғамдық институттар қалыптастырылып отыр. Соның бірі – Қазақстан халық кеңесінің құрылуы. Бұл азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуына, қоғамдық пікірдің ескерілуіне және халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам деп ойлаймын.

Жалпы, жаңа Конституция азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту арқылы құқықтық мәдениеттің нығаюына, мемлекеттік және қоғамдық институттардың тұрақтылығына негіз қалайды деп есептеймін. Өйткені кез келген реформаның тиімділігі тек мемлекеттік институттардың бастамасына ғана емес, оны қоғамның қолдауына, азаматтардың белсенді қатысуына және тұрақты кері байланыстың қалыптасуына да байланысты.

Сондықтан реформалар халықтың қатысуымен, қоғам мен мемлекеттің өзара сенімі негізінде жүзеге асқан жағдайда ғана өзінің нақты нәтижесін береді. Ал мұндай үдерістерді тиімді ұйымдастыруда саяси көшбасшылықтың рөлі ерекше маңызды. Дәл осы фактор реформалардың жүйелі жүзеге асуына, олардың сабақтастығы мен ұзақ мерзімді тиімділігіне негіз болады деп санаймын.

 

- Жаңа Конституцияда ұлттық бірлік, қоғамдық келісім, заң үстемдігін құрметтеу, адами капиталды, ғылым мен инновацияларды дамыту сияқты құндылықтар бекітілген. Сіздің ойыңызша, Конституцияның мемлекеттік билік жүйесін айқындап қана қоймай, ұзақ мерзімді ұлттық құндылықтар мен даму басымдықтарын бекітуі қаншалықты маңызды?

- Иә, жаңа Конституцияда заң үстемдігін құрметтеуге ерекше мән берілген. Жалпы, кез келген мемлекет үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де заңның үстемдігі – тұрақты дамудың басты қағидаттарының бірі. Қазақта «кемдікке көнбесек те, теңдікке көнеміз» деген түсінік бар. Сондықтан заң алдында барлық азаматтың тең болуы қоғамның мемлекетке деген сенімін арттырып, ортақ құндылықтарымыздың және ұлттық бірлігіміздің нығаюына ықпал етеді деп ойлаймын.

Заң үстемдігі орныққан жерде ғана әділдік пен қоғамдық келісім берік қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда ұлттық құндылықтарға қатысты маңызды нормалардың нақты бекітілуі өте құптарлық қадам болды. Мысалы, неке институтына қатысты қағидаттардың айқын көрсетілуі – халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын құқықтық деңгейде бекіткен маңызды шешімдердің бірі деп есептеймін.

Сонымен қатар Конституцияның кіріспесінде Қазақстанның кеше ғана құрылған мемлекет емес, мыңдаған жылдық тарихы бар ел екені айқын көрсетілген. Бұл еліміздің мемлекеттілік дәстүрінің терең тамырын танытып қана қоймай, қазіргі Қазақстанның тарихи сабақтастығын да айқындайды. Мұндай ұстаным ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, тарихи сананы нығайтуға және жас ұрпақтың ел тарихына деген құрметін арттыруға қызмет етеді деп ойлаймын.

Бұған қоса, қоғамның барлық өкілдерін мемлекеттік басқару үдерістеріне кеңінен тарту да ұлттық бірлікті күшейтудің маңызды тетігі саналады. Азаматтардың қоғамдық және мемлекеттік істерге белсенді қатысуы халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан мұндай қағидаттар ұзақ мерзімді тұрақтылыққа, қоғамдық келісімнің сақталуына және еліміздің орнықты дамуына оң ықпал етеді деп санаймын.

 

- Егер жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстан дамуының жаңа кезеңінің басталуын білдірсе, Сіздің ойыңызша, алдағы жылдары қандай саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің орын алуы ықтимал?

- Иә, жаңа Конституция біздің саяси институттарымыздың тиімділігін арттыруға зор үлес қосады деп ойлаймын. Сонымен қатар заң үстемдігін одан әрі нығайтуға берік негіз қалайды. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңда «Заң мен тәртіп» қағидаты ерекше маңызға ие. Заң алдында барлық азаматтың тең болуы және құқықтарының сенімді қорғалуы қоғамдағы әділдікті қамтамасыз етіп қана қоймай, экономикалық дамуға да оң әсер етеді деп санаймын.

Әсіресе, заң үстемдігі нығайған сайын еліміздің инвестициялық ахуалы жақсарып, кәсіпкерлердің мемлекетке деген сенімі арта түседі. Инвесторлар үшін де ең басты шарттардың бірі – құқықтық тұрақтылық пен заңның әділ орындалуы. Сондықтан жаңа Конституция осының бәріне құқықтық негіз қалыптастырады деп ойлаймын.

Сонымен қатар реформалардың нәтижесі әлеуметтік салаларда да көрініс табады. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау жүйелерін жетілдіру, адами капиталдың сапасын арттыру сияқты маңызды бағыттардың барлығы еліміздің жаңа даму кезеңінің негізгі басымдықтарына айналады деп есептеймін. Себебі мемлекеттің ұзақ мерзімді табысы ең алдымен білімді, дені сау әрі белсенді азаматтарға байланысты.

Жалпы, реформалардың түпкі нәтижесі мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырумен қатар, қоғамның белсенділігін күшейтуге бағытталуы тиіс. Ең бастысы – азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне, елді дамыту үдерістеріне кеңінен қатысуына жағдай жасау. Өйткені мемлекет пен қоғамның өзара серіктестігі болған жерде ғана реформалар нақты нәтиже береді.

Қазақстанның даму мүмкіндіктері өте жоғары деп санаймын. Табиғи ресурстарымыз жеткілікті, географиялық орналасуымыз да өте тиімді. Біз Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды торапта орналасқанбыз. Ұлы Жібек жолының тарихи мұрасын жалғастырып отырған ел ретінде халықаралық көлік дәліздерін, автомобиль және теміржол бағыттарын, сондай-ақ Каспий теңізінің транзиттік және экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану мүмкіндігіміз зор. Мұның бәрі еліміздің экономикалық өсіміне қосымша серпін береді.

Жалпы алғанда, ең бастысы – заңның нақты жұмыс істеуі, оған қоғамның сенуі және заң үстемдігінің берік орнығуы. Осындай қағидаттар сақталған жағдайда Қазақстанның үлкен даму кезеңінің алдында тұрғанына сенімдімін. Қазірдің өзінде еліміздің жетістіктері аз емес. Ендігі міндет – осы қарқынды сақтап, оны жаңа деңгейге көтеру және әлемдік қауымдастықтағы өз орнымызды одан әрі нығайту.

Ал мұндай дамудың басты кепілі – мызғымайтын, әділетті әрі сапалы заң. Менің ойымша, дәл осы құқықтық негізді жаңа Конституциямыз қамтамасыз етеді және еліміздің ұзақ мерзімді өркендеуіне қызмет етеді.

 

Комментарии
Другие материалы