9 маусымда АҚШ Қарулы күштері Apache тікұшағы атып түсірілгеннен кейін Иран аумағындағы нысандарға соққы жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Бұл операция – Иранның негізсіз агрессиясына берілген лайықты жауап», – деп мәлімдеді АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы Х әлеуметтік желісінде.
АҚШ президенті Дональд Трамп ABC News телеарнасына берген сұхбатында бұл әрекетті қажетті қадам деп бағалады.
«Жауап өте қатаң әрі қуатты болуы керек еді. Қазір дәл сондай жауап беріліп жатыр», – деді ол.
Axios басылымының мәліметінше, америкалық күштер Ормұз бұғазы маңындағы бірнеше ирандық әуе қорғанысы жүйесі мен радиолокациялық станцияларды нысанаға алған. Ирандық бұқаралық ақпарат құралдары елдің оңтүстік жағалауында, Ормұз бұғазы маңында жарылыстар болғанын хабарлады.
Tasnim агенттігінің дерегінше, жарылыстар Сирик және Минаб қалаларында, сондай-ақ Кешм аралында естілген.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Вашингтонға жауап қайтарылатынын мәлімдеді.
«Ұрыс алаңындағы сәтсіздіктеріне қарамастан, АҚШ біздің табандылығымызды сынап көруге шешім қабылдады. Қарулы күштеріміз ешбір шабуыл мен қоқан-лоқыны жауапсыз қалдырмайды. Егер қауіпсіздікте болғыларыңыз келсе, аймағымыздан кетіңіздер», – деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде.
Кейінірек Tasnim агенттігі Ислам революциясы сақшылары корпусының мәлімдемесін жариялап, Иранның аймақтағы АҚШ нысандарына зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын жібергенін хабарлады.
Бірнеше сағаттан соң CENTCOM операцияның аяқталғанын мәлімдеп, америкалық әскерилердің Ормұз бұғазы маңындағы әуе қорғанысы объектілеріне, жерүсті басқару бекеттеріне және радиолокациялық станцияларға соққы бергенін растады.
Бұған дейін Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Apache тікұшағының құлауына байланысты Иранға қарсы жауап шаралары қабылданатынын ескерткен болатын. Оның айтуынша, тікұшақ Ормұз бұғазында патрульдеу кезінде ирандық әскери күштердің әрекетінен апатқа ұшыраған. Екі ұшқыш та құтқарылған.
Associated Press агенттігіне аты-жөнін атамау шартымен пікір білдірген америкалық шенеуніктің сөзінше, тікұшақ ирандық дронмен соқтығысқаннан кейін құлаған. Алайда бұл соқтығысудың қасақана жасалған-жасалмағаны әзірге белгісіз. Ресми мәлімдемелерде бұл нұсқа айтылмайды.
Соңғы бірнеше күнде АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери іс-қимылдарына байланысты өңірдегі жағдай бірнеше рет шиеленісе түсті. 7 маусымда Иран сәуір айының басынан бері алғаш рет Израильге зымырандар ұшырды. ИРСК мұны Израильдің Бейрут қаласындағы «Хезболла» қозғалысына жақын аудандарға жасаған әуе шабуылдарына жауап деп түсіндірді. Бұған жауап ретінде Израиль де Иран аумағындағы нысандарға соққыларын қайта бастады. Ал 8 маусымда Израиль мен Иран уақытша бітім жариялаған болатын.
Иранға қарсы жауап шаралары туралы мәлімдеме жасардан бірнеше сағат бұрын Дональд Трамп Тегеранмен бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігі жоғары екенін айтқан еді.
«Біз өте жақсы келісімге алып келетін үдерістің соңғы кезеңіне жеттік», – деді АҚШ президенті.
Оның сөзінше, Иранмен келіссөздер алдағы екі-үш күн ішінде аяқталуы мүмкін.
