Батыс Қазақстанда белгісіз дрондар байқалды. Тұрғындар шекара маңында ондаған аппарат көрген

60
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/L4Z4ypZfQb7YA98IMabDkuDDx2egayr79USmGaW9.png

Батыс Қазақстан облысы тұрғындары Ресеймен шекарадағы «Сырым» өткізу бекеті маңында белгісіз ұшқышсыз аппараттарды байқағанын хабарлады. Бұл туралы «Уральская неделя» жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Басылым мәліметінше, жергілікті тұрғындар дрондарды екі түн қатарынан көрген. Куәгерлердің айтуынша, аппараттар Самара облысы жағынан ұшып келген, ал аспанда бір мезетте онға жуық нысан байқалған.

Тұрғындардың бірі белгісіз аппараттардың өткізу бекеті мен шекара заставасының үстінен ұшқанын айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдай бірнеше күннен бері қайталанып жатыр.

Әлеуметтік желілердегі жарияланымдардан кейін жағдайға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі пікір білдірді. Ведомство Қазақстанның әуе кеңістігін бұзу фактілері тіркелмегенін мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзу деректері тіркелген жоқ. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында», – деп хабарлады министрлік.

Сонымен қатар, ресми түрде байқалған нысандардың шынымен ұшқышсыз аппарат болғаны немесе Қазақстан әуе кеңістігін бұзғаны расталған жоқ. Азаматтарға жалған ақпарат таратпау жөнінде ескерту жасалды.

Сонымен бірге Қазақстанда дрондардың құлау оқиғалары ара-тұра тіркеліп тұрады. Мәселен, 2026 жылғы 26 наурызда Батыс Қазақстан облысы аумағынан ұшқышсыз ұшу аппараты табылған. Ал 29 наурызда Атырау облысы аумағынан да БПЛА бөлшектері анықталған.

Айта кетейік, бұл өңірдегі мұндай алғашқы жағдайлар емес. «Уральская неделя» басылымының жазуынша, тек Батыс Қазақстан облысының өзінде анықталған дрондар саны оннан асқан.

29 сәуір күні тағы бір ұшқышсыз аппарат ауыл маңындағы жолдың жанына құлаған. Жарияланған кадрларда құлаған жердің шамамен 150–200 метр аумақта жыртылып кеткені және түтін байқалғаны көрінеді.

Комментарии
Другие материалы