Астанадағы «Asia Park» сауда-ойын-сауық орталығында «Ақ жол» демократиялық партиясының қаржылық және консультациялық қолдауымен түсірілген «Алаш және экономика» атты деректі-драмалық фильмнің тұсаукесері өтті.
Көрсетілімге 250-ден астам көрермен жиналып, зал лық толды. Қатысушылардың бір бөлігі фильмді дәліздерде немесе баспалдақтарда отырып тамашалауға мәжбүр болды. Көрермендер арасында отбасымен келгендер де көп кездесті.
Фильмнің басты мақсаты - Алаш қозғалысы жетекшілерінің тек саяси тұлға ғана емес, сонымен қатар экономикалық даму, өндіріс және нарықтық ойлау тұрғысындағы көзқарастарын көрсету.
Туындыда Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсекұлы және басқа да алаш зиялыларының ел экономикасын дамыту, ресурстарды тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін қалыптастыру және өндірістік кооперацияны дамытуға қатысты идеялары кеңінен баяндалады.
Сондай-ақ фильмде олардың жеке меншік институтын қолдауы, қаржы жүйесін дамыту, несиелеу мүмкіндіктерін кеңейту және технологиялық жаңашылдықтарға ұмтылысы туралы көзқарастары қамтылған.

Туындыға алаштанушы ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Ержан Шағимолдин, Сұлтан-Хан Аққұлы, сондай-ақ экономист Мақсат Халық, тарихшы-зерттеуші Елдос Сауырқан және басқа да мамандар қатысқан.
Фильмде Алаш Орда басшыларының салық саясаты, жергілікті бюджет, азық-түлік қауіпсіздігі сияқты бағыттардағы ұстанымдары да талданады. Сонымен қатар азаматтық соғыс кезеңіндегі Райымжан Мәрсекұлының шетелдік кәсіпкерлермен байланыс орнату әрекеттері де сөз болады.
Жобада ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің экономикалық көзқарастары мен қазіргі Қазақстанның даму бағыты арасындағы сабақтастық идеясы да көтерілген. Авторлардың пайымынша, қазіргі цифрландыру, инновация және жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған саясат осы тарихи ойлардың жалғасы ретінде қарастырылады.

Іс-шара соңында көрермендер мен қатысушылар фильмді жоғары бағалап, Алаш қайраткерлерінің бұрын кеңінен айтылмаған экономикалық көзқарастарының ашылғанын атап өтті. Ұйымдастырушылар мен түсіру тобына алғыс білдірілді.
