Арменияның Еуразиялық экономикалық одақ құрамынан шығуы немесе ұйымға мүшелігі мәселесі елдегі референдумда талқыланбайды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы News.am-ге сілтеп.
Армения премьер-министрі журналистермен әңгіме барысында қазіргі таңда мұндай қажеттілік жоқ екенін айтқан. Оның сөзінше, ел ЕАЭО-ға мүшелік мәселесін тек объективті қажеттілік туындаған жағдайда ғана референдумға шығаруы мүмкін.
«Біз ЕАЭО-дағы барлық серіктестерімізге және Одақтағы мүшелігімізге құрметпен қараймыз», — деді Пашинян.
Сондай-ақ, ол 28-29 мамыр күндері Астанада өтетін ЕАЭО саммитіне қатыспайтынын растады. Пашинянның айтуынша, елдегі сайлау науқанына байланысты саммитке бара алмайды. Армения атынан жиынға премьер-министрдің орынбасары Мгер Григорян қатысады.
Пашинян дәл осы себеппен 9 мамыр күні Мәскеуде өткен әскери шеруге де қатыспаған еді.
