Азан мен апат. Өзбекстанда мешіт мұнараларына қосымша қызмет жүктелді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Hb5Gg3OnoScYx1f35AOsMkeOqSmdo6npMjm2SD57.webp

БҰҰ Даму бағдарламасы Өзбекстанда төтенше жағдайлар министрлігі және Узгидрометпен бірлесіп, мешіттердің сыртқы дауыс зорайтқыштары арқылы төтенше жағдайлар туралы хабарландыру жүйесін енгізіп жатыр. Жүйе жеті аймақты және 6,5 миллион адамды қамтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Kursiv Uzbekistan-ға сілтеме жасап.

Елді мекендерге жақын орналасқан мешіттерге арнайы құрылғылар орнатылғаны айтылды. Олар мұнаралар мен қасбеттерде орналасқан сыртқы дауыс зорайтқыштарға шұғыл хабарламалар таратады.

Құрылғылар Ферғана, Жизақ, Қашқадария, Наманган, Самарқанд, Сырдария және Ташкент облыстарындағы 272 мешітке орналастырылған.

«Мешіттер барлық елді мекенде бар. Олар қуатты сыртқы дауыс зорайтқыштармен жабдықталған, олардың естілетін радиусы 500-ден 2 000 метрге дейін жетеді. Хабарламалар сыртқа бағытталғандықтан, қамту аймағындағы барлық тұрғын бөлмеде болсын, далада болсын, оларды естиді. Мамандардың бағалауынша, осылайша шамамен 6,5 миллион адам, оның ішінде осал топтар қамтылуы мүмкін», — деп жазады басылым.

Бастаманың авторлары енгізіліп жатқан технологиялардың маңызды артықшылығы — жүйенің ақауларға төзімділігі деп есептейді. Хабарламалар ұялы байланыс пен электр қуаты өшкен жағдайда да таратылады.

Бастаманы Жасыл климат қоры қаржыландырады. Мақсат — тек қауіп-қатер туралы ескертіп қана қоймай, ықтимал зиянды да түсіндіретін ерте ескерту жүйесін құру. Алғашқы кезеңде жүйе елдің шығысында орналасқан тығыз қоныстанған таулы аудандарда су тасқыны, сел, топырақ сырғыуы және құрғақшылық туралы хабарлайды.

Комментарии
Другие материалы