Жетісу облысында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Алғыс – бірлік бастауы» мерекелік іс-шарасы өтті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ISJxUJoukgJ8Ic798fGA7Mcrrw17DxwlRf9JZsK0.jpg

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Қаратал ауданында және Талдықорған қаласында «Алғыс – бірлік бастауы» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Бұл күн қоғамдағы сыйластық пен ризашылық сезімін арттыруға, этносаралық келісімді нығайтуға және жастарды ұлттық құндылықтарға құрметпен тәрбиелеуге арналған ерекше шара болды.

Іс-шараның алғашқы бөлімі Қаратал ауданы, Бастөбе ауылы, «Қазақ халқына мың алғыс!» монументінде ұйымдастырылып, салтанатты түрде гүл шоқтары қойылды. Бұл – ел бірлігі мен татулығы жолында еңбек еткен тұлғаларға құрмет көрсету белгісі. Рәсім барысында ҚХА ардагерлері мен қоғам белсенділері сөз сөйлеп, бірлік пен келісімнің маңыздылығын атап өтті. Жетісу облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Келемсейіт Ермек Әбілмәжінұлы, Корей этномәдени бірлестігінің ақсақалы Виктор Иванович Пак және аудан әкімінің өкілі Досымбеков Ұлан Әлдибекұлы өз құттықтау сөздерінде елдің тұрақтылығы мен халық бірлігінің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Екінші бөлім «Достық үйі» ғимаратында өтті. КИнЭС рекордтар кітабының редакторы Б. Тастүлеков құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық тағам – құрт жасау акциясының басталғанын жариялады. Акция барысында 20 минут ішінде 30 қатысушы, әртүрлі этностардан, 4546 құрт әзірлеп, бұл нәтиже КИнЭС рекордтар кітабына енгізілді. Жоба тек ұлттық тағамды дәріптеп қана қоймай, ортақ мақсатқа бірігіп жұмыс істеген адамдардың бірлігін көрсетті. Этномәдени бірлестіктер мен еріктілер белсенді түрде қатысты.

Салтанатты бөлімде ҚР Әнұранын орындағаннан кейін ҚХА ардагерлері мен белсенді қатысушылар марапатталды. Сонымен қатар, концерттік бағдарламада этномәдени бірлестіктер ұлттық әндер мен билерін көрсете отырып, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік іс-шара тек Қаратал ауданында ғана емес, Талдықорған қаласы мен Панфилов ауданында да қайырымдылық акцияларымен жалғасты. Қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясында еңбек еткен ардагерлердің үйлеріне барып, оларға алғыс білдіріп, құттықтау сөздерін жеткізді. Бұл шара қоғамдағы өзара сыйластық пен ризашылық мәдениетін нығайтуға, жастарды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама болып саналады.

«Алғыс – бірлік бастауы» мерекесі қоғамдағы өзара сыйластықты арттыруға, этномәдени құндылықтарды насихаттауға және ұлтаралық келісімді сақтауға арналған есте қаларлық шара болды. Бұл күн әрбір қатысушы үшін көктемнің, қуаныш пен татулықтың символына айналды.

Комментарии
Другие материалы