Иранда наразылық құрбандарының қырқы өтті. Бірнеше қалада қақтығыс болды

199
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/j5W9Mz096QTI3MRGqrnoXOog00aTRd5JZEWLtF9e.webp

Иранда 17 ақпан күні билікке қарсы наразылықтар кезінде қаза тапқандардың қырқы өтті. Бірнеше қалада жиындар ұйымдастырылып, кей жерлерде қақтығыстар болды. Бұл туралы AFP агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Абадан қаласында шерушілер қолдарына гүлдер мен қаза тапқандардың суреттерін ұстап, «Хаменеиға өлім!»,  «Шах жасасын!» деп ұрандатты. Әлеуметтік желілерде тараған басқа бейнежазбаларда оқ атылған кезде халықтың дүрлігіп, жан-жаққа қашқаны көрінеді.

Мешхедте жиналғандар «Бір адам өлді, мыңдаған адам оның артында тұр» деп ұрандатқан.

Иран билігі Тегерандағы Имам Хомейни мешітінде ресми еске алу рәсімін өткізді. Қатысушылар Иран жалауларын көтеріп, марқұмдардың портреттерін ұстап, «Америкаға өлім!» және «Израильге өлім!» деген ұрандар айтты.

Шарада жоғары лауазымды тұлғалар, соның ішінде вице-президент Мұхаммад Реза Ареф пен Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Эсмаил Каани сөз сөйледі. Каани «тәртіпсіздік ұйымдастырушыларды қолдағандар қылмыскер саналады және жауапкершілікке тартылады» деп мәлімдеді.

Ирандағы алғашқы наразылықтар 2025 жылдың желтоқсанында экономикалық себептермен басталған. Кейін олар саяси сипат алып, бүкіл елге тарады. Билік шерулерді күшпен басуға тырысып, интернет пен мобильді байланысты бұғаттаған.

Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи 23 қаңтарда наразылықтар кезінде жалпы 3117 адамның қаза тапқанын айтты. Оның ішінде 2427-сі бейбіт тұрғындар мен қауіпсіздік қызметкерлері, ал қалғандарын министр «террористер» деп атады.

Ал тәуелсіз құқық қорғау ұйымдары басқа мәлімет келтіреді. АҚШ-та орналасқан HRANA агенттігінің дерегінше, қаза тапқандар саны 7000-нан асады және олардың басым бөлігі – наразылыққа шыққан азаматтар.

Комментарии
Другие материалы