Абай және Науаи. Түркі руханиятының қос шыңы

146
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/16zZB3JyUxynB6h4TW8QllgGiHrJf0J2vMAdx7K8.jpg

2026 жылғы 9 ақпанда Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» КММ конференц-залында түркі әлемінің ұлы ойшылдары Абай Құнанбаев пен Әлішер Науаидың әдеби-рухани мұрасына арналған «Абай мен Науаи: түркі руханиятының қос шыңы» атты дөңгелек үстел өтті. Тағылымды жиынға ғылыми қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер мүшелері, жастар ұйымдарының белсенділері мен зиялы қауым қатысты.

Іс-шараны Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев жүргізіп, қазақ-өзбек халықтарының тарихи-мәдени байланыстары мен рухани сабақтастығына тоқталды. Ол екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық арқылы да нығая түсіп отырғанын атап өтті.

«Бүгінгі кездесу ерекше маңызға ие. Былтыр ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығын атап өтсек, биыл көрнекті өзбек ақыны әрі мемлекет қайраткері Әлішер Науаидың 585 жылдығы аталып өтуде. Екі тұлғаның мұрасы – түркі әлемінің ортақ рухани қазынасы. Бүгінгі дөңгелек үстел осы құндылықтарды тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді», – деді Досұлан Айтбаев өз сөзінде.

Жиынға Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан Республикасының Елшілігінің консулы Ализод Сайдахмедов мен Елшіліктің бірінші хатшысы Улугбек Калназаров арнайы қатысып, екі халықтың ортақ әдеби мұрасы мен рухани құндылықтарының маңызы жөнінде пікір білдірді.

Кездесу барысында қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға үлес қосып жүрген «Ақмола облысының өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы төрағасының орынбасары Тожибуви Медетова сөз сөйлеп, мәдени байланыстарды дамытудағы бірлескен жобалардың маңызын атап өтті.

Ғылыми бөлімде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек «Абай мен Науаи поэзиясындағы адамгершілік концептілері» тақырыбында баяндама жасап, қос ойшыл шығармаларындағы гуманизм, білімге ұмтылу, адамгершілік қағидаларының үндестігін жан-жақты талдады. Ал осы университеттің PhD докторы, профессор Гүлнәз Бөкен қазіргі қазақ және өзбек прозасындағы қоғамдық өмір көріністері туралы ой қозғады.

Іс-шара аясында Ақмола облысы ҚХА жанындағы «Ассамблея жастары» өкілдігі мүшелері Абай мен Науаи шығармаларынан үзінділер оқып, рухани мұраның жас ұрпақ санасындағы орны айқын көрінді.

Жиын соңында қатысушылар «еркін микрофон» форматында пікір алмасып, қос классиктің мұрасын зерделеу, оны білім беру мен мәдениет саласында кеңінен насихаттау мәселелерін талқылады.

Дөңгелек үстел қорытындысында Абай мен Науаи мұрасының түркі әлемінің ортақ рухани қазынасы екені, олардың шығармалары бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтпағаны атап өтілді. Мұндай тағылымды кездесулер халықтар арасындағы мәдени жақындастықты тереңдетіп, рухани сабақтастықты нығайта түсетіні сөзсіз.

Комментарии
Другие материалы