Иранда соңғы үш жылдағы ең ауқымды билікке қарсы жаппай наразылық акциялары екі аптадан бері жалғасып келеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.
Интернеттің өшірілуіне және қауіпсіздік күштерінің қатаң әрекеттеріне қарамастан, сенбіге қараған түні тұрғындар қайтадан Тегеран мен өзге де қалалардың көшелеріне шықты.
Human Rights Activist News Agency құқық қорғау ұйымының мәліметінше, наразылықтар барысында шамамен 50 шеруші мен 15 қауіпсіздік қызметкері қаза тапқан, ал 2311 адам ұсталған. Бұл деректерді Iran Human Rights ұйымы да растап отыр. Ұйым қаза тапқандардың арасында тоғыз баланың барын хабарлады.
BBC Persian қызметі кемінде 22 адамның қаза тапқанын нақтылап, олардың отбасыларымен тілдескен.
Медицина саласындағы жағдай да күрделі. Спутниктік Starlink интернеті арқылы BBC-ге хабарласқан дәрігердің айтуынша, Тегерандағы негізгі офтальмологиялық орталық саналатын Фараби ауруханасы дағдарыс режиміне көшкен. Жедел жәрдем қызметтері шамадан тыс жүктеліп, барлық жоспарлы операциялар тоқтатылған. Осындай жағдай Иранның оңтүстік-батысындағы Шираз қаласында да тіркелген, онда жараланғандар санының көптігінен хирургтер жетіспей жатыр.
Наразылық толқыны аясында Иранның соңғы шахының ұлы Реза Пехлеви шерушілерді қалалардың орталықтарын басып алып, ұстап тұруға шақырды. АҚШ-та жүрген саясаткер әлеуметтік желідегі үндеуінде «ұлттық революция жеңіске жеткен кезде Иранға оралуға дайын екенін» мәлімдеді. Көптеген шерушілер оның есімін ұран ретінде айтып жүр.
Сонымен қатар Иран билігі жағдайдың ушығуына АҚШ-ты айыптады. Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Вашингтонды елдің ішкі ісіне араласып, тұрақсыздық пен зорлық-зомбылықты қоздыруда деп мәлімдеді. Ал АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл айыптауларды «шындықтан алшақ» деп атады.