Жаңа буынға инвестиция: Talimger жобасы келешек үшін неге маңызды?

162
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HYREUPnRyfDcW5Mw2LPiHT8ML1MduKCCLMwYFMTJ.jpg

Қазақстанда қазір мектеп оқушылары мен жастарды кәсіпкерлікке баулуға ерекше көңіл бөлініп жүр. Бұл да бекер емес: экономикаға өздігінен әрекет ететін, бастама көтеретін, іске ширақ, тәжірибеге жақын мамандар керек. Ranking.kz сарапшыларының айтуынша, елде балалар мен жасөспірімдерге бизнес пен экономиканың әліппесін ертерек үйрететін түрлі оқу бағдарламалары көбейіп, соның айналасында бірте-бірте жүйелі орта қалыптасып келеді.

Осы үрдістің аясында кәсіпкерлік білім беру бағытындағы ең көзге түскен, қамтуы да ең кең бастама ретінде Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры іске асырып жатқан Talimger жобасы аталып отыр.

Кәсіпкерлік білімге жүйелі көзқарас

Ranking.kz жасаған шолуда қазіргі бағдарламалардың басты айырмасы – бір реттік курстардан гөрі кәсіпкерлік дағдыларды оқу процесіне жүйелі түрде енгізуге бет бұрғаны айтылады. Talimger дәл осы жолды таңдаған: жоба мұғалімдерді дайындаудан бастап, мектеп оқушылары мен студенттермен нақты жұмысқа дейін бірнеше деңгейді қатар қамтиды.

Бағдарлама тек теорияны үйретіп қоймай, ең керегі – қолданбалы машықтарды дамытуға, яғни идеямен жұмыс істеуге, тәуекелді таразылауға, экономиканың қарапайым тетіктерін түсінуге бағытталған. Мұндай тәсіл кәсіпкерлікті оқытудың халықаралық тәжірибесіне сай келеді: ол жақта басты қағида – істеп көру арқылы үйрену.

Ұстаздың орны, өңірдің үлесі

Жобада мұғалімдер мен оқытушыларды дайындау мәселесіне ерекше мән берілген. Ranking.kz дерегінше, бағдарламаның кең қанат жаюына ең көп ықпал еткен тетіктің бірі – педагогтерді оқыту. Бірқатар өңірде, соның ішінде Маңғыстау облысында да, жүздеген маман арнайы дайындықтан өтіп, кейін мектептер мен колледждерде кәсіпкерлік курсын жүргізе бастаған.

2025 жылы Ақтауда Talimger-дің өңірлік әдістемелік орталығы жұмысын бастап, ұстаздардың біліктілігін арттыратын, тәжірибе алмасатын әрі жаңа оқыту тәсілдері енгізілетін алаңға айналды. Мұндай формат жобаның аумағын кеңейтумен қатар, оқытудың сапасын бір ізге түсіріп, ортақ стандартты сақтауға мүмкіндік береді.

Білім жүйесіне енгізу

Сарапшылардың айтуынша, Talimger-дің дамуына серпін берген маңызды қадамның бірі –  кәсіпкерлік негіздерін мектеп пен колледждің оқу жоспарына енгізу. Осылайша жоба жай ғана қосымша үйірме деңгейінде қалмай, жастармен жүргізілетін жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналып отыр.

Ranking.kz бағалауынша, бүгінгі таңда Talimger –  кәсіпкерлік ойлау бағыты бойынша жасөспірімдер мен педагогтермен жұмыс істейтін ең танымал әрі қамтуы кең жобалардың бірі. Бағдарлама мыңдаған оқушыны қамтып, қайырымдылық сектор мен білім жүйесінің нақты әрі үйлесімді әріптестігінің жақсы үлгісіне айналып келеді.

Жоба экономика үшін неге маңызды?

Жастардың кәсіпкерлік қабілетін дамыту –  ел экономикасының ертеңгі күні берік болуының бір тірегі. Мұнда мәселе тек болашақ кәсіпкерлерді даярлауда емес. Ең бастысы – адамның икемді дағдыларын қалыптастыру: ширақ болу, жауапкершілік алу, өзгеріске тез бейімделу, мүмкіндікті көре білу.

Осы тұрғыдан алғанда, Talimger тек оқыту бағдарламасы емес, жаңа буын мамандарын дайындауға негіз қалайтын инфрақұрылымдық білім жобасы ретінде қарастырылады. Яғни, құбылып тұрған заманда жұмыс істей алатын, ойы сергек, ісі нақты жастардың қалыптасуына жол ашып отыр.

Қазақстанда кәсіпкер секілді ойлауды ерте жастан қалыптастыру білім саясатының маңызды бағытына айналып келеді. Бастамалар көбейген сайын, Talimger өз ауқымымен де, жүйелі құрылымымен де ерекшеленеді: жоба білім беру ортасына кірігіп, бір жолғы шара емес, тұрақты жұмыс форматына көшкен.

Ranking.kz сарапшыларының пайымынша, мұндай бағдарламалар бүгін-ертең нәтиже қуаламай, елдің адами капиталына ұзақ мерзімге салынған инвестиция іспетті. Яғни, ертеңгі буынның экономикалық белсенділігіне негіз қалап, ширақ, жауапты, заманға бейім азаматтардың қалыптасуына ықпал етеді.

Комментарии
Другие материалы