Жезқазған қаласының бюджеті мен инвестициялық әлеуеті артып келеді

292
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JtJU6wP25nGObGDhXqlqKricXxAXkLMfpFxday0b.jpg

Ұлытау облысы құрылған сәттен бастап Жезқазған қаласында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалуда. Соның ішінде қала бюджетінің көлемі мен инвестиция тарту деңгейі айтарлықтай өсті.

2025 жылы Жезқазған қаласының меншікті кірістері үш есеге артып, 31,4 млрд теңгеге жетті. Жалпы қала бюджеті екі есеге өсіп, 57,6 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 26,5 млрд теңге деңгейінде болған.

Облыс құрылғаннан бері облыстық бюджеттен қала бюджетіне бөлінетін даму трансферттері 2,5 есеге артып, 9 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұл қаржы қаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға және маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыруға бағытталуда.

Инвестициялар өңір экономикасының тұрақты және сапалы өсуінің негізгі қозғаушы күші болып табылады. Ағымдағы жылдың басынан бері Ұлытау облысының экономикасына 207,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 68 млрд теңгесі Жезқазған қаласына тиесілі. Осылайша, қаланың облыс көлеміндегі инвестициялық үлесі 32,8 пайызды құрап отыр.

Өткен жылы өңір экономикасын әртараптандыру аясында жалпы құны 34 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жоба іске қосылса, олардың бесеуі Жезқазған қаласында жүзеге асырылды. Биыл жалпы құны 138 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба бастау алды.

Қазіргі таңда Жезқазған қаласында мұнай базасы, жел электр станциясы, респиратор шығаратын зауыт, геологиялық кластер мен қонақ үй кешенінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар асфальтбетон зауытын салу жобасы іске асырылуда.

Алдағы кезеңге де ауқымды жоспарлар бар. 2028 жылға дейін жалпы құны 920 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл жобалар 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді және қаланың экономикалық әлеуетін одан әрі арттыруға ықпал етеді.

Комментарии
Другие материалы