Экс-президенттің көмекшісі Jusan директорларын сотқа берді

200
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ES02xBz7CJqamkhR8uExu8mpGiAFzKqceTfTREVi.webp

Ербол Орынбаев Jusan Technologies директорларын сотқа берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы The Guardian-ға сілтеп.

Бұрынғы вице-премьер Ербол Орынбаев АҚШ пен Ұлыбританияда Jusan Technologies Ltd компаниясының директорларына қарсы бірнеше талап-арыз түсірді.

Талапкерлер қатарында Палата лорды Дэвид Чарльз Эванс те бар.

Орынбаевтың мәлімдеуінше, Jusan активтері шамамен 1,6 млрд доллар деп бағаланғанымен, 2023 жылы небәрі 75 млн долларға сатылған.

Ол бұл мәмілені «фиктивті» деп атап, компания басшыларын активтерді әдейі төмен бағалап, жеке пайдаға жұмыс істеді деп айыптаған.

Басылым хабарлауынша, Лорд Эванс мәмілені бекіткені үшін 1 млн доллар бонус және өзге де төлемдер алғаны көрсетілген. Бұдан бөлек, компанияның өзге директорлары да «заңсыз сыйақыларға» ие болып, өздеріне жоғары жалақы тағайындағаны айтылады.

Алайда Лорд Эванс пен басқа да жауапкерлер бұл айыптауларды жоққа шығарып, талап-арыздарды «негізсіз» деп атады. Олар Орынбаевты «бұрын өзі қолдаған мәмілеге қарсы шығып, екіжүзділік танытып отыр» деп мәлімдеді.

Директорлар сонымен бірге 2022 жылы Қазақстан билігі Jusan активтерін тәркілеу науқанын бастағанын, соның салдарынан активтер мұздатылып, құнсызданғанын алға тартады.

Британдық судья активтердің нақты құны «ең жақсы жағдайда» 150 млн доллар болуы ықтимал екенін атап өтті. Дегенмен мәміле жағдайлары мен директорларға төленген сыйақылар толық зерттеуді талап ететінін айтты.

Айта кетейік, Ербол Орынбаев Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Президент Әкімшілігінде жұмыс істеген, Премьер-министр кеңсесін басқарған, вице-премьер болған. Мемлекеттік қызметтегі соңғы лауазымы — Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі (2013–2015 ж).

Комментарии
Другие материалы