Кантпен, Гегельмен тең сұхбаттасқан қазақ философы еді...

142
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/as0EEij4jKxOuvdKVs1ncHLb4y4qVcjhCc6EvpH3.jpg

Жабайхан Әбділдин туралы айтқым келетін алғашқы сөзім мынау: ол – өмірінің соңғы сәтіне дейін философиялық ой биігінен түспеген, шынайы болмысымен ұлы тұлға еді. Бұл – әсірелеу де емес, мақтау да емес...

Мен Жабайхан Әбділдиннің студенті болдым, КазГУ-дың философия факультетінде оқыған кезімде және арада жарты ғасырға жуық уақыт өткен соң, мен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия кафедрасының меңгерушісі болғанымда, оның дәрістеріне қайта қатыстым. Жабайхан Әбділдин ол кезде осы университеттің профессоры еді. Бұл – Жабайхан М.баракұлының 90 жылдық мерейтойын атап өткен кез.  Сол тұста оның жүруі қиындаған, көзі нашар көретін, бірақ ең бастысы – есі анық, ойы айқын қалпында еді. Мұндай қасиет бұл жаста екінің біріне емес, сирек адамға ғана бұйырады.

Бұл тек ғылымға ғана қатысты емес. Күнделікті өмірде де Жабайхан Мүбаракұлы сондай болатын: бір рет кездескен адамдардың бәрін аты-жөнімен есінде сақтайтын. Бұл оған адамдарды өзіне тарта түсетін. Меніңше, бұл жақсы генетикамен қатар, тоқтаусыз өзін жетілдірудің нәтижесі. 

Қашан барсам да, оның жұмыс үстелі кітаптарға толып тұратын. Оның докторанттары көп болса да лекцияларын біреуге тапсырғанын ешқашан көрмеппін. Ол өз лекцияларын ерекше шабытпен оқитын. Шартты түрде айтсақ, аудиторияда жүздеген адам отырса да «масаның ұшқанын естуге» болатын...

«Кант пен Гегельдің сұхбаттасы». Бұл сөздер оның соңғы мерейтойына арнап жазылып еді. 

Ол – Қазақстандағы диалектикалық логика мектебінің негізін қалаушы әрі жетекшісі. 70–90 жылдары КСРО-да мұндай мектеп үш-төртеуден аспайтын. Олардың бірі әрі ең қуаттысы – Алматыда еді. Осы бағыт бойынша ол ұйымдастырған конгрестерге Одақтың түкпір-түкпірінен белгілі ғалымдар келді, ал өзі дүниежүзілік философиялық форумдардың тұрақты делегаты болды.

Шотланд ойшылы Дэвид Юм: «Әр адам философ бола бермейді, бірақ әр философ адам болып қала бермейді» деген...

Бұл сөзді толықтай Жабайхан Әбділдинге арнауға болады. Қазақстанның ұлттық және стратегиялық мүдделерін Шығыс пен Батыстың көптеген елдерінде таныта отырып, ол адамдарды тек ашықтығымен, қарым-қатынас қабілетімен ғана емес, ең беделді философтарды одақтас ете отырып, өз идеяларын дәлелдей білуімен баурап алатын.

Жабайхан Әбділдиннің қазақ философиялық ойына сіңірген еңбегін сөзбен өлшеу қиын. КазГУ-дың философия-экономика факультетінің түлегі, қазіргі қазақ философия ғылымының негізін қалаушылардың бірі ретінде ол Қазақ КСР Ғылым академиясы Философия және Құқық институтының алғашқы директорларының бірі болды.

Философияның бастауы, нақтылық принципі секілді көптеген философиялық мәселелер – оның идеялары. Өмірінің соңында Жабайхан Мүбаракұлы Қазақстанда диалектикалық логикамен шұғылданатындар азайып кеткенін өкінішпен айтатын. Ал диалектикалық логика – әлемдік философияның негізгі бағыттарының бірі.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін философиялық даналықты саяси қызметпен ұштастырған тұлға. Ол – белгілі қоғам қайраткері, Жоғарғы Кеңес пен Парламент депутаты, Президент әкімшілігінде жұмыс істеген...

Бірақ қызығы сол – ТМД-ның ең танымал философтарының бірі бола тұра, күнделікті өмірде Жабайхан Әбділдин өте қарапайым еді. Өз еңбегін алға тартып, мәртебесін көрсеткенін ешқашан көрмедім. Ол Алматыда Ғылым академиясында жұмыс істегенде, мен жиі барып, сұхбаттасып, жаңа ой алатынмын. Мұндай ой тереңдігі мен көзқарас кеңдігін, әлеуметтік немесе саяси тақырып болсын, кез келген мәселені қамтитын кең тынысты сирек кездестіресің.

Қарапайым адамдарды мына сұрақ мазалауы мүмкін. Философия деген қандай ғылым? Неліктен оны әр университеттің барлық факультетінде оқытады?

Жабайхан Мүбаракұлы сонда сыпайы жымиып, мүмкін, былай дер еді: философиялық ойлау мен осы ғылым жайлы бастапқы түсінік болмаса, жақсы инженер де, дәрігер де, заңгер де, мемлекет қайраткері де шықпайды. Философия негізін меңгерген адамның дүниетанымы да, ойлау жүйесі де кең әрі жүйелі болады. Мұндай адам ұсақ-түйекке назар аудармай, сөзін де, ісін де логикалық түрде дұрыс құрады.

Айтпақшы, оның қызы Раушан Әбділдина да әкесінің жолын жалғады. Ол – философия ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі. Меніңше, бұл – әкесінің тағы бір дара сипаты. Жабайхан Әбділдин сүйікті ғылымын өзіне ең жақын адамына аманат етіп қалдырғандай...

Ғазиз Телебаев  

философия ғылымдарының докторы, профессор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Конец формы

Комментарии
Другие материалы