"Шантаж жасауды қойыңдар". Депутат жеке мектептердің 57 пайызы талапқа сай келмейтінін айтты

871
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wbUe6gZrBayIEGpQHUopKhCXAtbwNdET3uOABHN2.jpg

Жекеменшік мектептердің 57 пайызы талаптарға сай келмейді. Бұл туралы мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Ол жекеменшік мектептердегі заңбұзушылықтар мен сапа мәселелеріне байланысты өз пікірін ашық білдірді. Депутаттың айтуынша, Жоғарғы аудиторлық палатаның тексерісі жекеменшік мектептердегі мәселелерді анықтаған. Санитарлық нормалардың сақталмауы, желдету жүйесінің дұрыс болмауы, температуралық режимнің сәйкес еместігі, күн сәулесінің жеткіліксіз түсуі, өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалмауы басты проблемалардың қатарында. Сонымен бірге зертханалар, арнайы кабинеттер мен компьютерлік техника сияқты оқу құрал-жабдықтарының да тапшылығы байқалған.

"Ғимараттардың сапасы сәйкес келмейді, арнайы салынбаған, санитарлық талаптар, балалар отыратын бөлмеде таза ауа (вентиляция), температуралық нормалар, күн сәулесінің түсуі, өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Оқу стандарттары бойынша құрал-жабдықтар — лабораториялар, арнайы кабинеттер, компьютерлік технологиялар жетіспейді. Мұғалімдердің білім дәрежесі сәйкес емес. Оқымаған баланы оқыды деп есеп берген. Өкінішке қарай, соңғы жылдары Ағарту министрлігі жанындағы Қаржы орталығы арқылы жеке мектептердің қаржысы тексерілмей төленген.
Артық, заңсыз кеткен қаржы қайтарылмаған. Мектеп иелеріне іс қозғамаған, миллиардтаған ұрланған ақшаны әлі қайтармаған", - деді депутат.

Осы орайда Әбенов жаңадан тағайындалған министр Жұлдыз Сүлейменованың бастамаларын қолдайтынын жеткізді.

"Жаңадан келген министр Жұлдыз Сүлейменова қаржылық тәртіпті орнатуды қолға алды. Өзі батыл және таза адам. Жұлдыз қарындасымыз білім саласының алаяқтықпен нанын жеп жүрген қылмыстық топтарының ешқандай үгіт-насихатына көнбейді, қорқытам дегендерге бас имейді. Шантаж жасауды қойыңдар. Мұғалімдер арқылы айқай-шу шығарып, жасалмаған жұмыстар үшін ақшаны мәжбүрлеп төлетеміз, БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы жауапты тұлғаларды қорқытамыз деп әрекет жасағандар отпен ойнамаңдар. Жаңа министрдің тәртіп орнатам деген барлық талабын толық қолдаймыз", - деді депутат.

Мұрат Әбенов өз тарапынан Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арнайы тексеріс жүргізу туралы талап жолдайтынын айтты. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған «Заң және тәртіп» қағидасы бар екенін еске салып, заң бұзғандар жазасыз қалмауы керек екенін атап өтті.

Депутаттың пікірінше, білім беру саласын бизнеске айналдыру дұрыс емес.

«Қолыңнан келмей ме айналыспа. Ақша салдым, міндетті түрде пайда табуым керек деген ұстаным қате», дейді ол.

Сонымен бірге ол сапалы жұмыс істеп отырған жеке мектептер бар екенін, оларға бұл сынның қатысы жоқ екенін айтты.

Комментарии
Другие материалы