Астанада 700-ден астам ағаш отырғызылды

1748
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cEb77wcKPswEofizFUFXU6oM29Sbmoh6VZ53ng7n.jpg

20 қыркүйек күні Астанада Есіл ауданында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен сенбілік өтті. Оның аясында 700-ге жуық ағаш – қарағаш, ива, тополь, сирень және емен көшеттері отырғызылды.

Таңертең басталған шараға аудан тұрғындары, спортшылар, мұғалімдер мен оқушылар белсенді қатысты. Олар табиғатты қорғауға, туған жерін көгалдандыруға үлес қосып, болашақ ұрпақ үшін жасыл белдеу қалыптастыруды маңызды деп атап өтті.

Аудан әкімдігінің инспекторы Орманбаев Нариман шараның маңыздылығына тоқталып:

«700-ге жуық ағаш отырғызу жоспарда болған, бүгін сол жоспар жүзеге асырылды. Бұл аумақ кездейсоқ таңдалған жоқ – тұрғындардан жыл сайын жасыл желекке қатысты көптеген өтініш түседі. Сондықтан мұнда арнайы жасыл аймақ жасалуда. Сонымен қатар бүгін Орынбор көшесінде, Түркістан көшесінде де ағаш отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. Қазан айында ботаникалық саябаққа да ағаш отырғызу жоспарымыз бар. Ең бастысы – тұрғындардың белсенділігі қуантады. Спортшылар, мұғалімдер, оқушыларға дейін келіп, өз қолдарымен көмектесіп жатыр», – деді.

Шараға қатысқан аудан тұрғыны Шакиров Еділбай да әсерімен бөлісті:

«Әкем марқұм орманшы болған, сол себепті табиғатқа жақын өстім. Бүгінгі ағаш отырғызу шарасы – өте игі бастама. Бұл балаларымыздың болашағына, өзіміздің демалысымызға пайдалы. Табиғатты қорғау – әрбіріміздің борышымыз», – деді ол.

Тағы бір тұрғын, осы Пригородный мөлтек ауданының тұрғыны, өз ризашылығын білдіріп:

«Ауданымыз күн сайын көркейіп келеді. Әкімшілікке алғысымыз шексіз. Қаншама қыруар жұмыстар атқарылып жатыр, көшелеріміз жасыл желекке оранып, ауылымыздың сәні артып келеді. Тіпті орманның ішінде жүргендей әсер аламыз. Мұндай жұмыстардың пайдасы өте зор: біріншіден, ауамыз тазарады, екіншіден, көзіміз тояды, көңіліміз көтеріледі. Мен өзім қазір зейнеттемін, екі немерем бар. Солардың болашағы үшін осындай бастамаларға қолдау көрсетіп, өз үлесімізді қосып жүргенімізге қуанамыз. Бұл – әр адамның міндеті: үй соғып қана қоймай, тал егіп, табиғатқа қамқор болу. Қазір автобуспен өтіп бара жатып-ақ жасылданған көшелерді көріп, үлкен қалаға кіргендей әсер аламыз. Осы парктің ішінде демалып отырғанның өзі бір ғанибет. Жан-жағымызда тұратын барлық көршілеріміз де ризашылықтарын білдіріп жүр. Бәріміз бірігіп осындай игі іске қатысып жатқанымызды мақтан етеміз», – деді.

Ағаштар отырғызылған аумаққа суаруға арналған ыдыстар дайындалды. Көшеттердің әрі қарай күтімі жасалып, уақытылы суарылып тұратындығы қадағаланады.

Осындай сенбіліктер Астананың экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатты аялау мәдениетін арттыруға ықпал етуде.

 

Комментарии
Другие материалы