Қазақстан Президенті Ақмола облысына жасаған сапарында Арқалық аймағына биыл міндетті түрде баратынын айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бұл туралы Руслан Желдібай парақшасында жазды.
“Амандық болса, биыл Қостанай облысына міндетті түрде барамын. Жоспарымда бар. Жолдауымда Қостанай облысын арнайы атап өттім. Торғай жеріне баса назар аудару керек деп айттым. Арқалыққа биыл міндетті түрде барамын. Кезінде уәде бердім, оны орындайтын кезең келді”, – деді мемлекет басшысы.
Президенттің бұл шешімі қоғам тарапынан оң қабылданды. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бұл сапардың Торғай өңірі үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының, сондай-ақ тұңғыш қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің еліне Президенттің ат басын бұруы – халық үшін көптен күткен жаңалық.
“Бұл сапар Арқалық өңірінің рухани серпілісіне, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына ықпал етеді”, – деді Қазыбек Иса.