Бекзат рухына тағзым: “Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмірі” атты кітаптың тұсаукесері

994
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ejGueLIQJlzZSVjRQgNsQy8d1KzD5IXJaUTbSldz.jpg

Астанадағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде қазақтың арда ұлына арналған айрықша кеш өтті. Жазушы Бейбіт Сарыбайдың “Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмірі” атты кітабы оқырманға жол тартты. Бұл туынды – чемпионның тек шаршы алаңдағы жеңістерін емес, оның жан дүниесін, ақындық болмысын, адамдық асыл қасиеттерін ашуға талпынған әдеби ескерткіш.

Кештің шымылдығын алғашқылардың бірі болып “Белес” құрылыс компаниясының басшысы Махат Төрәлі түрді. Ол сөзінде Бекзатқа деген ыстық ықыласын жасырмады:

“Мен Бекзатты бала кезімнен үлгі тұттым. Оның әрбір жекпе-жегін көрген сайын жүрегіміз дүрсілдеп, намысымыз оянатын. Бекзат бізге жеңістің де, адамдықтың да қандай болатынын көрсетті. Уақыт өткен сайын оның бейнесі аңызға айналып барады, бірақ біз үшін ол әрқашан тірі. Бекзат – біздің мақтанышымыз, рухымыздың символы”, – деді ол тебірене.

Шара барысында сондай-ақ Сенатор Нұртілеу Жүсіп, Астана қаласы Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Бабажанұлы, Мәжіліс депутаты Жандарбек Әшімжан, жазушы Қанат Әбілқайыр сөз сөйлеп, Бекзаттың қазақ жастары үшін мәңгілік үлгі екенін атап өтті.

Кітап авторы Бейбіт Сарыбай жүрекжарды сырын былай жеткізді:

“Бекзат – нағыз ақын еді, бірақ оны көпшілік біле бермейді. Мен осы еңбекте қазақ жігітінің көркем бейнесін ғана емес, оған ғашық болған қазақ қыздарының жиынтық образын жасағым келді. Кейіпкерге Жібек есімін бердім. Өйткені Жібек – қазақ қызының ұяңдығы мен нәзіктігінің символы. Бұл арқылы мен Бекзаттың ішкі әлемін, оның махаббатқа толы жүрегін ашқым келді”.

Кештің ең толқытар сәті – Махат Төреәлінің Бекзаттың анасына жаңа пәтердің кілтін табыстауы болды. Бұл игі қадам елдің асыл перзентіне деген халықтық сүйіспеншіліктің айғағындай қабылданды.

Осылайша, Бекзат рухына арналған кеш спорт кешенінің қақ төрінде өтті. Жарық жұлдыздай жарқ етіп, қысқа ғұмырында ұлттың үміті мен сеніміне айналған Бекзат Саттарханов туралы бұл кітап – болашаққа аманат.

“Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмірі” – жеңістің тарихы. Бұл туынды – қазақ баласының арманын асқақтатқан қайсар ұлға тағзым әрі келер ұрпаққа рух беретін асыл мұра.

Комментарии
Другие материалы