Аляска саммиті. Трамп "Украина атынан келіссөз жүргізбейтінін" айтты

1018
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OuaFgS2QGUVN1p44h5lPBxOwJrNSDDGux7mTfOlb.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путинмен Аляскада өтетін саммит барысында Украина атынан келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеді. Бұл туралы ол 15 тамыз күні Анкоридж қаласына бара жатқан жолда президенттік ұшақ бортында журналистерге айтты. Пресс-брифингтің аудиожазбасын Ақ үй жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Территориялармен алмасу мәселесіне қатысты қойылған сұраққа Трамп мұндай талқылаулар болатынын растады.

"Бұл мәселелер талқыланады, бірақ мен ондай шешімдерді қабылдауды Украинаға қалдырамын. Менің ойымша, олар дұрыс шешім қабылдайды. Мен Украина атынан келіссөз жүргізу үшін келген жоқпын. Владимир Путин бүкіл Украинаны басып алғысы келген. Егер мен президент болмасам, ол Украинаны түгел басып алар еді. Бірақ енді олай болмайды",- деді АҚШ президенті.

АҚШ Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік бере ала ма деген сұраққа Трамп қауіпсіздік кепілдіктері "тек Еуропа және басқа елдермен бірге" ғана мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ Путин соғысты тоқтатудан бас тартса, Ресейге "өте ауыр салдары" болатынын ескертті.

Ақ үйдің халықаралық ақпарат агенттіктеріне хабарлауынша, Аляскада өтетін саммитке АҚШ делегациясы құрамына Қаржы министрі Скотт Бессент, Сауда министрі Ховард Лютник, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф, Ақ үй аппаратының басшысы Сьюзи Уайлс және президенттің бірнеше кеңесшісі кіреді.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, ведомство басшысы Пит Хегсет те келіссөздерге қатысады. Трамп TruthSocial әлеуметтік желісінде "Қазіргі жағдай өте маңызды" деп жазды. Ақ үй бұл кездесуді "тарихи саммит" деп атады.

Комментарии
Другие материалы