Алакөлде катерден секірген 17 жастағы жасөспірім суға батып кетті. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Қайғылы жағдай Абай облысына қарасты Жарбұлақ ауылы жағындағы Алакөлде болған.
32 жастағы қайық иесіне абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындағаны немесе қызмет көрсеткені үшін сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Суға түсуге арналмаған аумақта, жағадан 500 метрдей қашықтықта 17 жастағы бозбала құтқару кеудешесін кимей, катерден суға секіріп, батып кетті»,—деп түсіндірді облыстық полиция департаменті.
Қазір қажетті сараптамалар кешені тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.