Әлемдегі ең қарт марафоншы 114 жасында жол апатынан қаза тапты

1663
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/DttaxfCiXPIq6Au45e0iyKcAwavu3qlmjPBjYTsR.jpg

Аңызға айналған үнді марафоншысы, «Тюрбан киген торнадо» лақап атымен танылған Фауджа Сингх 114 жасында жол-көлік оқиғасынан қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қайғылы жағдай Үндістанның Пенджаб штатындағы Джаландхар ауылында 14 шілде күні күндіз болған. Марафоншы Джаландхар–Патханкот тас жолында көлік астына түсіп, ауыр бас жарақатын алған. Ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Марқұмды жерлеу рәсімі шетелде тұратын туыстары елге оралғаннан кейін өтеді.

Жергілікті билік пен қоғам қайраткерлері Фауджа Сингхтің қазасына байланысты көңіл айтып, оның өмір жолын ұрпаққа үлгі етіп еске алды.

Фауджа Сингх ресми расталмаған деректерге сәйкес 1911 жылы дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы жер шаруашылығымен айналысқан. 89 жасында алғашқы рет Лондон марафонына қатысып, жасы келген спортшылар арасында бірнеше рекорд орнатқан. 2003 жылы Торонто марафонында 42 шақырымды 5 сағат 40 минутта жүгіріп өткен. Сонымен қатар, ол 2004 жылы Афины мен 2012 жылы Лондон Олимпиадаларында алау көтеру рәсіміне қатысқан.

2023 жылы ресми түрде спорттағы мансабын аяқтағанымен, марафоншыларға қолдау көрсетуді жалғастырған. Алайда, Үндістанда 1911 жылы туу туралы жазбалар болмағандықтан, оның нақты жасы Гиннестің рекордтар кітабына енгізілмеген.

 

 

Комментарии
Другие материалы