Армения депутаттары ел аумағында Ресей телеарналарын жабуды ұсынды

1573
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ijrDkCk1tOeDOmuLvNd09bdVgertv8W0fRDOqmyr.jpg

Армения парламентінің спикері Ален Симонян Ресей телеарналарын ел аумағында жабуды ұсынып, ресейлік журналистерді "дегенераттар" деп атады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы RTVI-ге сілтеп.

 Оның айтуынша, ресейлік ақпарат құралдарының жұмысы екі ел арасындағы қатынастарға кері әсерін тигізуде.

Симонян ресейлік арналардың Армения ішкі істеріне араласып отырғанын айтып, ресейлік бағдарламаларды және журналистерді елден шығаруға шақырды.

«Егер ресейлік телеарналар біздің ішкі саясатымызға араласып отырса, біз олардың азаматтардың үйіне, ақпарат алаңына кіруін де шектеуіміз керек», – деді ол.

Бұл мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Өткен жылы Армения билігі ресейлік белгілі «Воскресный вечер» бағдарламасын жабуға шешім қабылдаған болатын. Ресей мен Армения арасындағы келісімде көрсетілген ішкі саясатқа араласпау қағидатының бұзылуына байланысты бағдарлама жабылды.

Ресей тарапы бұл жағдайға бірден жауап қатты. Мемлекеттік дума депутаттары Арменияның бұл әрекетін Украина жолымен жүру деп бағалады. Ал Федерация кеңесінің мүшесі Григорий Карасин армян билігін екі халық арасындағы достыққа зиян келтіруде айыптады. Ол мұндай қадамдарға батыс елдерінің ықпалы бар екенін атап өтті.

Депутат Виталий Милонов мұндай бастамаларды "антиармяндық көзқарастағы шетелдік кураторлар" қоздырып отырғанын алға тартты. Оның сөзінше, қарапайым армяндар ресейлік арналарды көруден бас тартпайды.

Армениядағы бұл жағдай Батыс елдерінің қолдауымен де байланысты болуы мүмкін. Жақында Еуропалық одақ Арменияға 270 млн еуро бөлетінін мәлімдеді. Ал оның бір бөлігі "тәуелсіз армян БАҚ-тарын" қолдауға жұмсалады.

Комментарии
Другие материалы