Түркия президенті Мұхаммед пайғамбарға қатысты салынған карикатураны сынады

1067
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HaLGx1xj1Sxzub8tATJsUYJFHKP4Jinr48qs5n5p.webp

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған француздық Leman сатиралық журналының Мұхаммед пайғамбарға қатысты карикатурасын «арандату» деп бағалады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Анкарадағы Әділет және даму партиясы (ӘДП) парламенттік фракциясының жиынында Түркия президенті сөз сөйлеген.

«Бұл – сатираға да, юморға да қатысы жоқ арам арандату. Бұл іске қатысы бар барлық адамдар заң алдында жауап береді. Біз бұл мәселені заң аясында мұқият бақылайтын боламыз», – деп мәлімдеді.

Президент сондай-ақ ӘДП билікте болған кезде ешкімнің ел азаматтарының діни сезімін аяқасты етуге жол берілмейтінін атап өтті.

Түркияның әділет министрі Йылмаз Тунч осыған дейін журнал редакциясына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын, қазірдің өзінде ұсталғандар барын хабарлады.

Сонымен қатар, Ыстамбұл прокуратурасы журналдың барлық тиражын айналымнан алып тастау және басылымның әлеуметтік желідегі парақшаларын бұғаттау туралы шешім қабылдады.

Өз кезегінде Leman журналының өкілдері басылым мұсылмандардың діни сезімін қорлауды көздемегенін, карикатура мазмұны бұрмаланып түсінілгенін айтып ақталды.

Комментарии
Другие материалы